Ұлт мұрасы ұрланып жатыр. Елде құнды жәдігерді заңсыз қазып, шетелге сататындар көбейді. Депутаттар археология ғылымға емес, табыс көзіне айналып барады деп дабыл қақты. Мәселені шешу үшін, алдымен, заңды қатаңдату керек дейді. Бірақ Үкімет бұл ұсынысты қабылдамай отыр. Сонда жауаптылар бабаның аманатын басқаның қолына ұстатуды жалғастыра бермек пе? Шешім қандай? Әріптесім Аружан Задабек тоқталады.
Кім көрінген келіп, құнды мұраны иелене салатын жағдайға жеттік. Жәдігер кеденшілердің тексеруінен де еш қиындықсыз өтеді. Көршілес елдерде ше? Бұл мәселе жергілікті органдар арқылы қадағаланады. Жапония секілді дамыған мемлекеттерде әрбір ескерткіш бақылауға алынып, тексеріліп отырады. Ресейде де «қара археологияға» байланысты заң қатал. Ал, бізде бұл мәселе бертін келе қозғала бастады. Алтын іздеген алатынын алып, қазына қазғандар қамбасын қампайтып алғаннан кейін ғана әрекет етуді бастадық.
ЖАНАРБЕК ӘШІМЖАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Тарихи-мәдени мұраларды сақтау үшін археология саласына тәртіп орнату керек, елімізде археологиялық қазба жұмыстары лицензия ісінде шешімін таппаған түйіткілдер бар, сонын салдарынан археология саласын күмәнді адамдар жайлап алған.
Негізі «қара археология» жайлы мәселені мінберде шенеунік те, қарапайым халық та көп айта бермейтін. Тіпті, көбі хабарсыз. Сондықтан болар, көне жәдігерлерді заңсыз қазып, саудалайтындар соңғы кезде қаптады. Олар, көбінесе, тапқан жәдігерін шет елдерде аукционға шығарады. Мәжіліс депутаттары осыны заң жүзінде реттеуге кірісті.
АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Құнды заттар шетелге кетіп, «қара нарықта» сатылып жатыр. Көп жағдайда оларды металл іздегіштер мен арнайы құрылғылар арқылы тауып алады. Сондықтан заң жобасында металл іздегіштер мен осындай құрылғыларды лицензиясыз пайдалануға тікелей тыйым салу ұсынылған. Бұл – тарихи мұрамызды тонаудан, қорғауға бағытталған нақты қадам деп ойлаймыз.
Заңсыз кәсіп 90-жылдары белең алды. Қазір, тіпті, көп. Геосканер секілді түрлі құралдардың арқасында бағалы металдарды жинайды. Біраз жыл бұрын «қара археологтар» сақ мәдени өнерінің шыңы саналатын Шілікті қорымын тонап жатқан жерінен ұсталды. Бірақ, күдіктілерге ешқандай жаза қолданылған жоқ. Өйткені бізде арнайы норма қарастырылмаған. Депутаттар осы мәселені көтеріп, Үкіметке бірнеше рет сауал жолдапты. Бірақ жауаптылар бір көзін қысып, пысқырмаған да.
ЛАУРА МЕРСАЛИМОВА, ҚР ӘДІЛЕТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Қылмыстық кодекстің тиісті бабы бойынша 2022 жылы ғана 2 құқық бұзушылық болған. Сондықтан, қолданыстағы қылмыстық санкцияларды күшейту қаншалықты орынды деген сұрақ туындады. Сонымен бірге ең алдымен құқық бұзушылықтарды ашу және алдын алу шараларын қабылдау қажет санаймыз.
Қазақстанның жері бай, қазбаға толы деп мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз. Бірақ оны қорғауға келгенде «әттеген-айға» салып, білместіктен болғандай кейіп таныту қанға сіңді. Негізі елімізде 1992 жылы «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және сақтау туралы» заң қабылданды. Заң мұраның табылған немесе қазылғанын жіктемейді, барлық мұраны тең қорғайды. Дегенімен, нормада Құқық бұзушылықты дәлелдеу қиын. Содан болар «қара» нарықта жүргендердің жолын кесу, әзірге, қиын. Салдарынан тарихтың таңбасы талайдың табысына айналып кетті.