Павлодар облысында егіннің бір бөлігі қар астында қалды. Әсіресе, картоп, сәбіз үсіп кеткен. Бұл несие алып, егін салған диқандарға қиынға соғып тұр. Амалы таусылған шаруалар мемлекеттен көмек сұрайды. Мәселенің мән-жайын тілшіміз біліп келді.
Биылғы күз диқандар үшін қолайсыз болды. Тамыздың соңында басталған жауын-шашын егінді дер кезінде жинап алуға мүмкіндік бермеді. Салдарынан мыңнан астам гектар жерге егілген картоп пен сәбіз қар астында қалды.
ӘЗИЗА БАЙБОСЫНОВА, ДИҚАН:
Мұнда примерно 5 тонна бар. Еще поляда бар. 130 гектардан 80 гектар жинадық. 50 гектар қалды анда. Сол потерямен болды. 50 гектар. Ең бірінші көмек госдарстводан сұраймыз. Енді кім бізді подержать етеді. Отсрочко бірдеңе болса да, көмек болушы еді.
Рамазан Қалиев – 320 гектар жерге көкөніс еккен. Оның 215 гектарын ғана жинап үлгерген. Табиғаттың тосын мінезі шаруаны шаш етектен шығынға батырды.
РАМАЗАН ҚАЛИЕВ, ДИҚАН:
Шығын көлемі 450 млн. теңгеге құрады. Бұл біз үшін өте үлкен шығын. Жаздайғы еңбегіміз еш кетті. Қаншама еңбек, қаншама қаражат жоқ болды. Техниканың бәрін несиеге алғанбыз. Енді қалай өтерімізді білмейміз. Қазгидромент қар жауатыны туралы да ескерткен де жоқ.
Амалы таусылған диқандар енді кімнен көмек сұрарын білмей отыр. Аймақ бойынша 1000 гектар картоп пен 600 гектар сәбіз қар астында қалған. Бұл жалпы егін көлемінің 3 пайызын құрайды.
ЛАУРА ҚҰСАЙЫНОВА, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
Жақында ауыл шаруашылығы басқармасы шаруаларды жинап, қаржы ұйымдарымен кеңес өткізді. Жиында шаруалардың несиелерін кейінге шегеру бойынша ұсыныстар айтылды. Аудан және қала әкімдеріне шығынға көлемін есептеу бойынша арнайы комиссия құруға тапсырама берілді. Аталған мәселе облыс әкімдігінің бақылауында болады.
Аймақ бойынша егіні қар астында қалған 15-ден аса шаруашылық бар. Шығын көлемін әзірге есептеу мүмкін емес. Десе де, өңір әкімдігі диқандардың банкрот болмауы үшін қолдан келгенше, көмек көрсетеміз - дейді.