$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Міндетін дұрыс орындамаған ата-ана үш жылға дейін сотталуы мүмкін

AstanaTV
29.10.2025ж. 19:00
Міндетін дұрыс орындамаған ата-ана үш жылға дейін сотталуы мүмкін

Елордада бала тәрбиелеудегі міндетін дұрыс орындамаған 200-ден астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Арасында баламды ұрып-соғып тәрбиелеймін деп үкім арқалағандар да бар.  Ал биыл 16 қыркүйекте Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер күшіне енді. Оған сәйкес, баласын ұрған ата-аналар немесе заңды өкілдеріне ірі көлемде айыппұл салынады, я болмаса, түрмеге тоғытылуы мүмкін. Толығырақ әріптесім Үсен Астана тарқатады.

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

- Нұрбақыт, телефоныңды шұқалай бермей сабағыңды оқысай.

-Ұрыспа маған, әйтпесе саған арыз жазамын.

Баланы басынан ұрып, немесе оған дауыс көтерсеңіз заң алдында жауапкершілік арқалап қалуыңыз әбден мүмкін, себебі мына смартфонға үңілген бүгінгі ұрпақ өз құқығын жақсы біледі, заң білетін бүлдіршіндердің басым бөлігі тіпті бүгінде ата-анасына шағымданатын нөмірлерді жаттап алған.

Былтыр Қазақстанда 600-ден астам адам ата-ана құқығынан айырылған. Баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаған 6 мың ата-ана профилактикалық есепке қойылды. Ал бір ай бұрын елімізде бала тәрбиесіне қатысты заңға енгізілген өзгерістер күшіне енді. Бұдан былай өз міндетін дұрыс орындамаған ата-аналар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

ҰЛБОСЫН МҰСАБЕКОВА, НҰРА АУДАНЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ ЮВИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ:

Зорлық-зомбылық кәмелет жасқа толмаған жасөспірімге жасалған жағдайда,егер ол заңды өкілі жасаған жағдайда,ол дәлелденсе қылмыстық кодекстің 140-шы бабы бойынша іс қозғалатын болады заңды өкіліне, яғни заңды өкіл дегеніміз ата-анасына.

Халықаралық ұйым өкілдері жүргізген сауалнама нәтижесі көрсеткендей, ата-ананың 67 пайызы, яғни сұралғандардың үштен екісі баласына психологиялық та, физикалық та қысым жасағанын айтқан. Бірақ, баланы ұрып тәрбиелеуге қатысты жұрттың пікірі әр түрлі.

БЛИЦ:

- Әке-шешеңе арыз жазу деген масқара ғой бұл, әке шешең жынды болса байлап бақ деген

- Уйбуй талай жедік қой талай, соның арқасында аман қалдық қой шын айтайық

- Заң жүзінде дұрыс моральдік тұрғыда білмейм енді қалай ол өз абаласы әке шешесіне заявление жазса

- Дұрыс емес әрине ол әке шешесін заңға берген

Егер бала ата-анасына шағым жазса немесе арыз берсе, бұл -көбіне отбасының ішкі қарым-қатынасының көрінісі. Эмоционалдық жақындық, сенім жақсы қалыптасқан отбасында мұндай жағдай өте сирек болады дейді психологтар. Ал керісінше, балаға жеткілікті көңіл бөлінбесе, оған психологиялық немесе физикалық қысым жасалса – шағымдануы заңды деп есептейді.

ЗАРИНА САБЫРЖАНОВА, ПСИХОЛОГ:

Басқа қырынан қарасақ, балалар кейде мұны манипуляция ретінде қолданады. Әсіресе қазір олар интернетке қолжетімді, құқыларын біледі. Бірақ көбіне бұл ата-ананың өзінен үйренген үлгі:егер ата-ана «істемесең, мен арыз жазамын/сені бір жерге беремін» деп қорқытса, бала да сол әрекетті қайталайды. Өйткені ол модель жұмыс істейтінін көреді.

Дегенмен, Қазақстанда ата-аналардың балаларды тәрбиелеу кезінде күш қолдану және психологиялық зорлық көрсету деңгейі 53%-дан 38%-ға дейін төмендеген.  Бұл көрсеткіш Еуропа мен Орталық Азия елдері арасында ең төмен деңгейлердің бірі болып саналады.