$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Интернет-дүкендерде алаяқтық көбейді

AstanaTV
29.10.2025ж. 19:00
Интернет-дүкендерде алаяқтық көбейді

Интернеттегі алаяқтық дерегі көбейіп барады. Биыл онлайн сауда бойынша 14 мыңнан астам шағым түскен. Негізінен, олар тауар сапасына, сатушының қателігіне және алаяқтық әрекеттерге қатысты. 

Қала тұрғыны Эльмира Поклонская жақында отандық меркетплейстан балаларға арналған керует тапсырыс берген. Онлайн сатушы "дәл бұл тауар жоқ" деп тапсырыстан бас тартыпты. Бірнеше уақыттан соң қоңырау шалып, "қоймада бар екен, ертең салып жіберемін" деп сендірген. Қашықтықтан төлем қабылдағаннан кейін саудагер ұштыкүйлі жоғалған.

ЭЛЬМИРА ПОКЛОНСКАЯ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мен аудандық ішкі істер бөліміне жүгіндім. Маған сотқа дейінгі шағым жазу керек екенін айтты. Көз алдымда полицей мен ақша аударған жеке кәсіпкер атына тіркелген нөмірдегі қызға қоңырау шалды. Ол қыз жеке кәсіпкерлігін жалға беретінін және тауарлар мен тапсырыстар туралы ештеңе білмейтінін айтты.

Жеке кәсіпкер маркетплейсте жалған мекенжаймен тіркелген болып шыққан. Сондықтан Эльмираның шағымы бір ай өткен соң өзіне қайта оралған. Нәтижесінде — ақша да жоқ, тауар да жоқ. Бұл жағдайға Сауда және интеграция министрлігінің өкілі "жауапкершілік тұтынушының өзінде, онлайн сауда жасағанда сатушы жайлы ақпаратты толық тексеру керек" екенін айтады.

ЕРКЕБҰЛАН ТАҒАШОВ , ҚР СИМ ТҚҚК МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қазіргі таңда маркетплейстер былай есептейтін болсақ базар ғой. Маркетплейс тек орын береді жалға. Кәсіпкер жалға бөлшек орнын алады да сол жерде саудасын, өз жұмысын ұйымдастырады. Сол себептен қазіргі уақытта маркетплейтер оған тікелей жауап бере алмайды. Қазіргі уақытта саудагердің өзі ғана жауап беруге міндетті деп көрсетілген.

Биыл елімізде онлайн-сатылым көлемі шамамен 2,7 триллион теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға жоғары көрсеткіш.Электронды сауданың тұрақты өсуі халықтың интернет арқылы тауар сатып алу мәдениетінің кеңейіп келе жатқанын білдіреді. Алайда, онлайн тапсырыстың бәрі сәтті аяқталмайды.

БЛИЦ:

- Онлайн сауда жасау өте ыңғайлы. Көңілім толады.

- Онлайн заказ береміз, уақытын көрсетеміз. Дәл сол уақытта келеді.

- Көбінесе киімдер аламыз. Балалардың керек-жарақтарын почти онлайн аламыз.

- Өзімнің келіншегімнің басынан өткен. Затқа заказ берген кезде, дұрыс емес көрген фото-видеодағыдан басқа келген.

Электрондық сауда қарқыны жыл сайын артып келеді. Дегенмен, сатып алушы қауіпсіздігі толық сақталмай тұр. Соңғы үш жылда отандық маркетплейстер бюджетке 332,5 млрд теңге салық төлеген. Онлайн сауда экономиканың маңызды драйверіне айналды. Қазір мәжілісте тұтынушы құқын қорғайтын заң қайта қаралуда.