$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Израиль қайтадан Газа секторына шабуыл жасады

Израиль қайтадан Газа секторына шабуыл жасады

АҚШ пен Жапония қарым-қатынастарына көпшілік күліп еді. Екіжақты сауда-саттық пен инвестиция көлемін көріп, ауыздарына құм құйылды. Трамп осылай деді. АҚШ Президентінің Жапонияға сапары жалғасып жатыр. Ақ үй басшысы Солтүстік Корея ұрлап, құлдықта ұстап отырған адамдардың туыстарымен де кездесті. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Бізге күлгендердің үнін өшірдік. Трамп Жапонияда осылай деді. Айтуынша, екі елдің өзара инвестициялары мен сауда-саттығы жаңа кезеңге бет алып, тарихи рекорд орнатты.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Міне, бүгін Жапония және АҚШ қор биржалары тарихта болмаған көрсеткішке жетіп, рекорд орнатты. Халық мені осы үшін сайлады. Біздің тығыз байланысымыз және достығымыздың нышаны ретінде осы аптада Жапонияға Ф-35 ұшақтарына арналған зымырандар келеді.

Трамп, Солтүстік Кореяда құлдықта жатқан жапониялықтардың туыстарымен де кездесті. Айта кетейік, 20 ғасырда көптеген жапониялықты Солтүстік Корея барлау қызметтері ұрлап әкеткен еді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен Премьер-министрдің жабырқауын түсінемін. Жапония үшін бұл әлі үлкен қайғы. Бұл адамдардың барлығы туралы баяндаманы оқыдым. Әрқайсының өмірбаянын және қалай ұрланғанын оқып, жүрегім ауырды. Сондықтан, тірі қалғандары болса, азат етуге күш саламын.

Мелисса дауылы Кариб теңізінде орналасқан елдердің астан-кестенін шығарды. Күні кеше Ямайка жағалауын жайпап, 3 адамның өмірін жалмаған дауыл, бүгін Куба халқын әбігерге салды.

ЭЛЬВИРА МОРЕЙРА, ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫН:

Билік бізді дер кезінде қауіпсіз жерге көшірді. Әйтпегенде ешқайсымыз тірі қалмайтын едік. Бастысы, басымыз аман қалды.

Бразилия тарихында Полиция ең ауқымды арнайы операция жүргізді. Рио-де-Жанейрода жергілікті фавелаларда кішігірім наркокартельдердің көзі жойылды. 2500 полицей 60 қылмыскердің көзін жойып, көшелерді қанға бояды. Бірақ, 4 полицей де қаза тапты.

КЛАУДИО КАСТРО, РИО-ДЕ-ЖАНЕЙРО ШТАТЫНЫҢ ГУБЕРНАТОРЫ:

Біз үшін, жалпы, Бразилия үшін тарихи күн. Полицейлер бұрын-соңды болмаған операция жүргізді. 81 қылмыскерді тірідей ұстап, олардан 75 автомат тәркіледік.

Израиль тыныштықты бұзып, қайтадан Газа секторына шабуылдады. Хан-Юнис қаласында 70 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Айта кетейік, соққы босқындар лагеріне жасалған.