$541.34 €640.73 ₽6.53
×

958 қазақстандық шетел түрмелерінде отыр

958 қазақстандық шетел түрмелерінде отыр

1027 шетелдік азамат еліміздің түрмелерінде жазасын өтеп жатыр. Оның басым көпшілігі – Өзбекстан азаматы. Дегенмен, өзге елде істі болған қазақстандықтар да 1000-ға жуықтады. Бұл туралы Сенат отырысында Бас прокурордың орынбасары мәлімдеді. Ғалымжан Қойгелдиевтің айтуынша, отандастарымыз қалған жазасын Қазақстанда өтеуіне мүмкіндік бар.

ҒАЛЫМЖАН ҚОЙГЕЛДИЕВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Өкінішке қарай, 958 отандасымыз шетелде жазасын өтеуде. Оның көбі, 700 астамы – Ресей Федерациясында. Олардың баптары әртүрлі. Егер азамат шетелде жазасын өтеп жатып, Қазақстанда ары қарай жалғастырып, өтегісі келсе, өзінің келісімі керек.

Осыған дейін Қазақстан 80-нен астам мемлекетпен екіжақты экстрадиция туралы келісім жасаған. Оның ішінде, сотталған азаматтар өз отандарында қалған жазасын өтеу де қарастырылды. Бүгін Сенат тағы бір мемлекет – Мароккомен тура осындай келісімді ратификациялады.

ҒАЛЫМЖАН ҚОЙГЕЛДИЕВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз келісім жасағанда елдің геостратегиялық жағдайына бірінші мән береміз. Туризмі дамыған, транзиттік хабтарға басымдық беріледі. Қазақстандықтардың, қай мемлекетке көп баратыны саралады. Марокко әлеуеті мол бағыт. Себебі, Африка құрлығы мен Еуропаны Гибралтар бұғазы арқылы байланыстырып тұр. Сондықтан, келісімді болашақ үшін жасадық деуге болады.