$541.34 €640.73 ₽6.53
×

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы жақын арада тоқтайды

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы жақын арада тоқтайды

Көптен күткен кездесу. Трамп Қытай басшысы Си Цзиньпинмен жүздесті. АҚШ Президентінің айтуынша, сауда соғысы мен тариф саясаты жақын арада тоқтап, барлық проблема шешіледі. Сонымен қатар, Трамп 3-і рет Президент болуға таласады деп қауесет таратқандарды топас, - деп мысқылдады. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

АҚШ пен Қытай арасындағы «Сауда соғысы» жақын арада аяқталады. Қос алпауыттың бір-біріне салған тарифтері де төмендейді. Бұл туралы Дональд Трамп мәлімдеді. Өзінің Азия құрлығындағы турнесі аясында Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездесті. Оңтүстік Кореяда қос басшы келіссөздер жүргізіп жатыр.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Екі ел және жеке екеуміздің арамызда керемет достық қарым-қатынас ұзақ уақытқа орнайды деген сенімім бар. Дәл қазір бүкіл проблеманы осы жерде шешеміз. Сізді қатты құрметтейтінімді де білесіз.

Трамп өзінің үшінші рет Президент атану үшін сайлауға түспейтінін мәлімдеді. Себебі, ол Конституцияға қайшы, - дейді Ақ үйдің қазіргі басшысы. Бірақ, ондай қауесет таратқандарды топас, - деп мазақ етті.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Әрине, сауалнамаларда менің көрсеткіштерім ең керемет. Тарихта болмаған. Дегенмен, заңды толық оқып қарағанымда, маған үшінші рет сайлануға рұқсат жоқ екенін түсіндім. Бірақ, соған қарамастан мені көре алмаушылар жеткілікті. Топас екен. Басқа не деймін?

Израильдің соққылары Таяу Шығыстағы орнаған тыныштыққа қауіп келтірмейді. Журналистердің сауалына Трамп осылай жауап берді. Оның айтуынша, ХАМАС өзі кінәлі.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

ХАМАС бейбітшілік туралы келісімге қол қойғаннан кейін израильдік сарбазды қастандықпен өлтірді. Сондықтан, қарымта қайтарылды. Жалпы, бейбітшілік ХАМАС-тың өзіне тікелей байланысты. Олар тәртіпті бала секілді тыныш отырса, ештеңе болмайды.

Мелисса дауылы Ямайка және Кубаны жайпап болып, енді Гаити жағалауына жетті. Ямайкада 4 адам қаза тапса, енді ғана басталған Гаитиде қазірдің өзінде 20 адам ажал құшты.