 
            Батыс Қазақстан облысында "Браконьер" іс-шарасы кезінде заңсыз балық аулау фактілері анықталды, деп хабарлайды Astana TV.
Іс-шара барысында Орал – Атырау автожолында БҚО-ның Казталов ауданы тұрғыны басқарған Toyota Camry автокөлігі тоқтатылды. Тексеру кезінде көліктің жүксалғышынан өзен шаяндары салынған 10 қап табылып, олардың тиісті рұқсат құжаттары болмағаны анықталды. Сондай-ақ Орал қаласында жүргізілген тағы бір рейд барысында полиция қызметкерлері Lada Granta автокөлігін тоқтатты.
Тексеру кезінде көліктің ішінен тиісті құжаттарсыз түрлі тұқымды — шортан, табан және сазан балықтары салынған үш қап тәркіленді.
Аталған деректер бойынша қазіргі уақытта тиісті тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция қызметкерлері тұрғындарға ескертеді: Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, балық және басқа да су биоресурстарын заңсыз аулау әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.