$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Алматыда анасын өлтіріп, мәйітін кілемге орап, қоқысқа тастаған күдікті ұсталды

Алматыда анасын өлтіріп, мәйітін кілемге орап, қоқысқа тастаған күдікті ұсталды

Алматыда жаға ұстатарлық жағдай болды. Қырық бір жастағы ер адам анасын өлтіріп, мәйітін кілемге орап, қоқысқа тастаған.  Толығырақ Жомарт Түзелбай тарқатады.

ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:

Қайтыс болған 80 жастағы кейуана өзінің баласымен дәл осы пәтерде тұрған. Қазір көріп тұрғандарыңыздай есік мөрленген. Марқұмның жақындары қарияны өз баласы өлтіргеніне сенбейді. Ал, көршілері  ана мен бала арасында кикілжің болғанын естімегенін, көршісінің психикалық ауытқуы бар екенін ашып айтты.

Түн тыныштығын бұзған трагедия талайдың үрейін ұшырды. Ер адамның мұндай озбырлыққа не үшін барғаны әзірге белгісіз. Көршілерінің айтуынша, мүрдеде он шақты пышақ жарақаты болған.

МАРҚҰМНЫҢ КӨРШІСІ:

Менің атам сағат төрт жарымда подъезге шылым шегуге шыққан. Сол кезде көршім өз пәтеріне асығып, абыр-сабыр күйде жүгіріп кіріп бара жатқанын көріпті. Бірнеше минуттан кейін қайтадан сыртқа жүгіріп шыққан. Ал таңғы бес-алты шамасында атам жұмысқа шығу үшін далаға шыққанда, аула сыпырушылармен кездесіп қалыпты. Олар біреудің мәйітін тапқанын айтыпты.

МАРҚҰМНЫҢ ТУЫСЫ:

Оның мезгіл ауысқан сайын сырқаты асқынып тұратын. Сол кезде көбіне зардап шегетіні – тұрмыстық заттар, жиһаз және тағы басқалар болатын. Бірақ анасына қарсы ашушаңдық көрсетпейтін. Мен бұны туысым істегеніне сенбей тұрмын. 

Күдікті ұсталып, қамауға алынды.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Кісі өлтіру дерегі бойынша Бостандық аудандық полиция Басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті – психикалық денсаулық орталығында есепте тұрған, марқұмның 41 жастағы ұлы ұсталды. Оқиғаның өзге де мән-жайлары анықталуда.

Қоқыс жәшігі жанындағы қорқынышты көрініс – елдің есінен кетпес оқиға болды. Көршілері психикалық ауытқуы бар болғандықтан күдікті жазадан құтылып кете ме деп алаңдаулы.

 Жомарт Түзелбай, Қанат Кигізбаев, Астана таймс, Алматыдан!