$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Пікірлерге кім әсер етеді және Mellstroy Game неге қауіпті?

Пікірлерге кім әсер етеді және Mellstroy Game неге қауіпті?

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы әлеуметтік желілердегі мыңдаған пікірді талдап, қоғамдық пікірді бағыттап отыратын тролльдер желісін анықтады. Ал Mellstroy Game деп аталатын жаңа вирус челлендж - соның айқын мысалына айналып отыр. Эфирде фейк-фильтр.

АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Қайырлы кеш, бұл - Фейк-фильтр. Сіздермен мен Ақбота Базарбай.

Әлемнің әр бұрышында болып жатқан оқиғалар бізге жаңалық ретінде ғана жетпейді. Олар - біздің ойымызды, сезімімізді және шешімімізді манипуляциялау құралы.

Әлемде болып жатқан түрлі қақтығыстар туралы  ақпаратты Қазақстан контекстіне бейімдеп, қоғамның санасын бұрмалайтындар бар. Бұл кімге керек? Неліктен бір ғана хабар біздің көңіл-күйімізді, қорқынышымыз бен ашуымызды қозғайды? Жауап қарапайым: манипуляцияның мамандары бар. Олар эмоцияны қоздырады, ақпаратты таңдайды және біздің ойымызды қалаған бағытқа бұрады.

Ақпараттық соғыс – тек басқа елдер үшін ғана емес, біздің ішкі кеңістігімізге де әсер етеді. Егер біз манипуляцияны сезбей, ақпаратты сараламасақ, сенімімізді, шешім қабылдау қабілетімізді және қоғамдағы бейбіт келісімді жоғалтуымыз мүмкін.

ГҮЛДЕН САПИОЛЛА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨКІЛІ:

Көптеген наротивтер Қазақстанда жасалмайды.  Олар телеграм, тредс және ютубтің шетелдік сигменттерінен келеді.  Кейін бұл ақпараттарды анонимді арналар мен блогерлер таратады.  Әрбір шетелдік оқиғаны Қазақстанмен тікелей байланысы бар деп қабылдауға болмайды. Ақпараттық тұрақтылық тыйым салумен емес сыни ойлаумен қалыптасады.

Интернеттің жаңа айласы - Mellstroy Game. Көрінген адамға миллион уәде, бірақ арты - құмар ойын мен қорлық. Осылайша, “Хайп жинаймын” деп, өз абыройын видеоға сатқандар көбейді. Әсіресе осал топтар - “жылдам байысам” деген үмітпен кез келген тәуекелге барады. Бірақ хайптың арты - ұят, қорлық, кейде заң алдындағы жауапкершілік.

Біреу баласына казино атауын терісіне жаздырды, біреу тегін “Мелстрой” деп өзгертті, ал енді бірі - сауда орталығында жартылай жалаңаш жүгірді. Міне, хайптың «жетістігі». Бұл - күлкі емес, ақылдан айырылу процесі.

ГҮЛДЕН САПИОЛЛА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨКІЛІ:

Бұл жай ойын емес, негізгі мақсат құмар ойындарды  вирустық жарнамалау. Азаматтардың назарын хайып пен жалған уәделер арқылы ұстап тұру оларды қауіпті әрі намысқа тиетін әрекеттерге итермелеу. Құмар ойындарды насихаттау мен қоғамдық тәртіпті бұзу заң бойынша жазаланады. 

Мұндай челлендждер заңды бұзады, адамдықты жоғалтады. Құмар ойын жарнамалау - қылмыс. Кәмелетке толмағандарды тарту - тіпті ауыр жауапкершілік.

Интернеттегі жалған уәде - тәтті, бірақ у сияқты. Бір сәтте жұтасың, сосын өзіңді жоғалтасың. Фейк пікірге сеніп, өз санаңызды басқаруға жол бермеңіз. Хайп - уақытша, абырой - мәңгілік.

Бұл - Фейк-фильтр. Бүгінге осы, амандықта жүздескенше.