Биыл республикалық маңызы бар автожолдарда жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту және жол көлік оқиғаларының санын азайту үшін кешенді шаралар іске асырылып жатыр. Негізгі назар трассаларды жаңғыртуға, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерінің сақталуын заманауи бақылау әдістері арқылы қадағалауға бағытталды.
Жолдардың сапасы мен өткізу қабілетін арттыру мақсатында автожолдарды жоғары санаттарға көшіру жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл шамамен 1 мың шақырым жол І және ІІ санаттарға дейін көтерілмек. Бұл – қозғалыс қауіпсіздігін күшейтіп, жол пайдаланушылардың жүріп-тұру жайлылығын арттыруға ықпал етеді. Айта кетейік, қазіргі уақытта елімізде 3,6 мың шақырым жол І санатқа, ал 6,2 мың шақырым жол ІІ санатқа жатады.
Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жануарлардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл республикалық маңызы бар тасжолдарда жаяу жүргіншілерге арналған 4 жолүсті өткел салынды. Нәтижесінде, олардың жалпы саны 34-ке жетті.
Жануарлардың жолға шығуынан туындайтын қауіптің алдын алу мақсатында қосымша 76 мал айдау өткелі салынып, ұзындығы 285 шақырым болатын қоршау тор орнатылды. Қазіргі уақытта еліміз бойынша жалпы 383 мал айдау өткелі мен 2,2 мың шақырымнан астам қоршау бар.
Қауіпті аймақтарда жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында шамамен 4 мың шаршы метр болатын аумаққа шу жолағы төселді. Сондай-ақ 630 мыңнан астам жол белгісі орнатылып, 35 мың шақырымда жол төсем белгілері (жол сызықтары) жаңартылды және 320 шақырым жол жарықтандырылды. Қыста, атап айтқанда, боран, көктайғақ, көріну қашықтығының төмендеуі сияқты қолайсыз ауа райы кезінде көлік қозғалысын қауіпсіз ұйымдастыру мен жылдамдық режимін реттеу бойынша арнайы шаралар жүзеге асырылады.
Техникалық байқау жүйесіне де маңызды өзгерістер енгізілді. 2025 жылғы 5 сәуірден бастап техбайқау операторларына қойылатын талаптар күшейтілді. Сондай-ақ формалды түрде техбайқау өткізген операторлардың қызметін 3 жылға дейін тоқтату қарастырылған.
Сонымен қатар жол қауіпсіздігіне қатысты нормативтік-техникалық база жаңартылуда. Қазіргі уақытта осы саладағы 59 құжат қайта қаралып, оның 11-і өзектендірілді. Бұдан бөлек, Жол қауіпсіздігі жөніндегі бес жылдық стратегия әзірленіп жатыр. Аталған құжат мемлекеттік органдардың нақты міндеттерін белгілеп, заңнамаға қажетті өзгерістер енгізуді көздейді.