Түркістан қаласында қазақ күресінен Азия чемпионаты өтті.
74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ұлттық құраманың және ҚР Ұлттық ұланы 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшісі қатардағы Тілек Тоқтасынұлы қарсыластарынан басым түсіп, алтын медаль жеңіп алды. Осылайша, ол ел намысын абыроймен қорғап, Ұлттық ұланның мерейін асқақтатты.
Чемпионат «Olympic Center» спорт кешенінде өтіп, оған 12 елден келген 150-ге жуық балуан қатысты. Жарысқа Қырғызстан , Өзбекстан, Моңғолия, Иран, Үндістан, Жапония және басқа да мемлекеттердің спортшылары қатысып, ерлер мен әйелдер арасында 16 салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынды.
Чемпионаттың ұйымдастырушылары – «Qazaq Kuresi» Ассоциациясы және Түркістан облысы әкімдігі. Түркістан өңірі бүгінгі таңда «Túrán Barysy», Әлем кубогы және Азия кубогы сияқты ірі халықаралық турнирлер өтетін орталыққа айналды.
Елорда әуежайында чемпионаттан оралған жеңімпазды ата-анасы, жақындары, жанкүйерлері, әріптестері және қызметтестері салтанатты түрде қарсы алды. Ұландықтар Тілек Тоқтасынұлын лайықты жеңісімен құттықтап, оның жетістігі жас сарбаздар үшін үлгі болатынын атап өтті.
Тілек Тоқтасынұлының Азия чемпионатындағы жеңісі – жігердің, қажырлы еңбектің және Отанға адалдықтың жарқын көрінісіне айналды.