$541.34 €640.73 ₽6.53
×

БҚО-да "Браконьер" іс-шарасы кезінде заңсыз балық аулау фактілері анықталды

01.11.2025ж. 14:22
БҚО-да "Браконьер" іс-шарасы кезінде заңсыз балық аулау фактілері анықталды

Батыс Қазақстан облысында "Браконьер" іс-шарасы кезінде заңсыз балық аулау фактілері анықталды, - деп хабарлайды Astana TV.
Батыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері "Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында балық қорларын заңсыз аулау және тасымалдау деректерін анықтады. Іс-шара барысында Орал – Атырау автожолында БҚО-ның Казталов ауданы тұрғыны басқарған Toyota Camry автокөлігі тоқтатылды.

Тексеру кезінде көліктің жүксалғышынан өзен шаяндары салынған 10 қап табылып, олардың тиісті рұқсат құжаттары болмағаны анықталды. Сондай-ақ Орал қаласында жүргізілген тағы бір рейд барысында полиция қызметкерлері Lada Granta автокөлігін тоқтатты. Тексеру кезінде көліктің ішінен тиісті құжаттарсыз түрлі тұқымды — шортан, табан және сазан балықтары салынған үш қап тәркіленді.

Аталған деректер бойынша қазіргі уақытта тиісті тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері тұрғындарға ескертеді: Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, балық және басқа да су биоресурстарын заңсыз аулау әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.