$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Атыраулықтар түнгі шуға шағымдануда: мамандар “бәрі нормада” дейді

02.11.2025ж. 15:36
Атыраулықтар түнгі шуға шағымдануда: мамандар “бәрі нормада” дейді
Chat GPT арқылы жасалған сурет

Атырау тұрғындары тағы да өндірістік аймақ жақтан естілетін қатты гуілге шағымдануда. Әлеуметтік желілерде мұндай жазбалар жиі шығып тұрады. Соның бірі — 20 қазан күні таңғы 6-да Филармония маңындағы үй тұрғыны реактивті қозғалтқыштың үніне ұқсас қатты дыбыстан оянғанын жазыпты.

 

Кейін бұл жазбаның астына қала тұрғындары ондаған пікірлер жазды — олар да түрлі ауданда осы гуілді естіген.

Осыдан кейін Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жоспардан тыс шу деңгейін өлшеу жұмыстарын жүргізді.

«21 қазанда жылу электр орталығы маңындағы тұрғын аймақта шу деңгейін арнайы құралдармен өлшеу үшін жоспардан тыс шығу ұйымдастырылды. Өлшеу нәтижесінде шу деңгейінің рұқсат етілген шектен асуы анықталған жоқ», — деп хабарлады департамент.

Мекеме мәліметінше, қала бойынша барлығы 43 бақылау нүктесі бар, ал 2025 жылдың он айында «Ұлттық сараптама орталығы» мамандары 165 өлшеу жүргізген. Барлық көрсеткіш — «қалыпты деңгейде».

Алайда департамент шу себептерін жоюды талап етуге құзырлы емес екенін мойындайды. Егер шу деңгейі шектен асып кеткен күннің өзінде, нәтижелер тек «мүдделі мемлекеттік органдарға» жолданады. 

Бұл «тиісті органдар» кімдер екені нақты көрсетілмеген. Әдетте, мұндай жағдайларда әңгіме әкімдік, экология және өнеркәсіп басқармалары немесе сол өндіріс аймағындағы кәсіпорындар жайлы болады. Бірақ жауапта олардың аты жоқ, шамасы, бұл деректер тек «жолданған».

Айта кету керек, ведомствоның мәліметінше, бұған дейін осындай шағымдар түспеген.

Ал тұрғындар түн ортасында терезелері дірілдеп, үй үстінен ұшақ ұшып өткендей гуілден шошып оянуда,- деп жазады Ақжайық.