Каир маңындағы пирамидалар жанында орналасқан Үлкен Мысыр мұражайы ресми түрде ашылды. Бұл - бір өркениетке арналған әлемдегі ең ірі археологиялық кешен.
Мысыр премьер-министрі Мұстафа Мадбулидің айтуынша, жоба идеясы шамамен 30 жыл бұрын ұсынылып, негізгі құрылыс соңғы жеті жылда жүзеге асқан.
Мұражайда Рамсес ІІ-нің алып мүсіні және 57 мыңнан астам жәдігер қойылған. Олардың ішінде Тутанхамонға тиесілі 5 мыңнан астам артефакт алғаш рет толық жинақталып көрсетілуде. Сондай-ақ балалар мұражайы, Хуфу кемесі мен грек-рим дәуіріне жататын экспонаттар да бар.
Ғимараттың сәулеттік шешімі үш пирамиданың бағытынан түскен күн сәулесін бейнелейді. Жоғарыдан қарағанда нысан «төртінші пирамидаға» ұқсас көрініс береді.