Қызылордалық тұрғын баласына араша сұрайды. Бауыржан Уайтовтың айтуынша, ұлы қазір жазықсыз қамауда отыр. Айтуынша, ол Полиция басқармасына 26 тамыз күні қалада болған топтық төбелеске қатысты түсініктеме беру үшін шақыртылыпты. Соңында «Бұзақылық» дерегі бойынша қамауға алынған. 19 жастағы ұлым Нұрасыл Тұрсынбай негізсіз айыпталып жатыр дейді. Баласының спортпен шұғылданатынын, оғаш қылығы жоқ екенін айтады. Ал оқиға болған уақытта досымен кездескенін полицейлер ескермей отыр дейді.
БАУЫРЖАН УАЙТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Қылмыстық болған уақытта барлығы жобалап тұр. Нақты ешкім білмейді. Бірақ полиция қызметкерлері менің балама қылмысты 2-де болған деп тұр да. 2-де болғанда оның куәсі бар. Менің баламды тыңдамай бір жақты ғана іске мән беріп, 293-баптың 3-бөлігімен іс қозғайды. Негізі топтық төбелеске қатысқанын дәлелдеп тұрған жоқ.
Полиция басқармасы бұл іске байланысты жан-жақты тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:
Жүргізілген жедел іздестіру нәтижесімен күдікті тұлға анықталып, соттың санкциясымен қамауға алынған. Қылмыстық іс бойынша жан-жақты, толық және объективті түрде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қабылданған процессуалдық шешімге сотпен баға берілетін болады. Өзге ақпараттар ҚР Қылмыстық-процесстік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес жариялануға жатпайды.