10 адам жарақат алып, 2-еуі аса ауыр халде. Ұлыбританияда пойыз ішінде терракт болды. Лаңкес жолаушыларға пышақ ала жөнелген. Ал, АҚШ Оңтүстік-Шығыс Азия елдерін Қытай агрессиясынан қорғайды. Бұл туралы Қорғаныс министрі мәлімдеді. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Донкастерден Лондонға бет алған пойызда терракт болды. Кембриджир графтығынан өтіп бара жатқан тұста, лаңкес өзге жолаушыларға пышақ ала жөнелген. Полицияға іштегі адамдар қылмыскерлердің саны екеу деп хабар берді. Тәртіп сақшылары екеуін де тірідей ұстағанымен, біреуіне қарсы дәлел болмағандықтан, босатып жіберді. Қазір 2 адам аса ауыр халде ауруханада жатыр. Қалған 10 адамның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
ДЖОН ЛОВЛЕСС, ҰЛЫБРИТАНИЯ КӨЛІК ПОЛИЦИЯСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
Біз әзірге бұған терроризм актісі деп баға беруден аулақпыз. Дегенмен, алғашқы кезде терроризмге қарсы қызмет арнайы жасақ жіберіп, лезде қылмыскерлерді құрықтады. Осының арқасында көптеген адамның өмірін алып қалдық.
Қытайдың тайраңдауына жол бермейміз. Пит Хегсет осылай деді. АҚШ қорғаныс министрінің сөзінше, халықаралық теңіз жолдарын Қытай заңсыз басып алуды көздеп отыр. Сондықтан, аумақтағы бүкіл ел бірігуі керек.
ПИТ ХЕГСЕТ, АҚШ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:
Қытайдың өз көршілеріне қарсы әрекеті қай жағынан қарасаңыз да дұрыс емес. Біз барлық елмен дос болуға ұмтыламыз. Көпшілік ойлағандай соғыс іздемейміз. Дегенмен, Қытайдың агрессиялық әрекеттеріне үнсіз көніп, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің жағалауына қауіп төнуіне жол бере алмаймыз.
Сербияда қайтадан билікке қарсы наразылық акциялары басталып кетті. Бұл жолы ереуілшілер тәртіп сақшыларына қарсы күш қолданып, бір полицей жараланды. Тіпті, қазіргі Президент Александр Вучичтің жақтастары отырған шатырды жағып жіберген.