$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Тоқаев Трамппен кездеседі: Кездесуден не күтеміз?

03.11.2025ж. 19:00
Тоқаев Трамппен кездеседі: Кездесуден не күтеміз?

Мемлекет басшысы АҚШ-қа барады. Бұл - осы аптаның басты оқиғасы. Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевты «C5+1» форматындағы саммитке шақырды. Кездесу 6 қарашада Вашингтонда өтеді. Орта Азия елдері жиында сауда мен инвестиция, маңызды минералдық ресурстар және энергетика саласындағы ынтымақтастық бойынша әңгіме өрбітпек. Экономиканың алпауытына айналған Америка мен минералға бай Қазақстан қандай келісімге келеді? Кездесуден не күтеміз? Аружан Задабек сарапшылармен тілдесті.

Біз геосаяси жағдай ушыққан, соғыс көбейіп, текетірес өршіп тұрған кезеңдеміз. Қазір аяғыңды алшаң басу қауіпті. Аяқтан шалынсаң, бүтін бір мемлекет елдігінен айрылады. Мұндай кезеңде көршілермен тату болып, өзге елмен байланысты арттыру – басты шешім. Үш күннен кейін өтетін саммит осы аймақ ынтымақтастығынан жаңа серпін береді дейді сарапшылар. Бұл - бір. Екіншіден, экономиканың жілігін шағып, майын ішкен АҚШ-пен байланыс орнатып, сауда жасау кімге болмасын тиімді. Нарықты билеп отырған америкалықтардың қазір біздің жерде 630 компаниясы жұмыс істейді. Олардан түсіп отқан пайда көп. 100 млрд доллардай инвестиция  құйды.

ЖАНДАР АСАН, САРАПШЫ:

Бұл жиындағы негізгі көтерілетін мәселе – инвестиция мәселесі, сауда мәселесі, минералдық ресурстарды игеру мәселесі болады деп болжанып отыр. Жалпы бұл бекер емес. Орта Азия елдері, біріншіден, адами әлеуеті жоғары. Екіншіден, логистикалық деңгейі мол. Өйткені Орталық Азия Шығыс пен Батысты, Оңтүстік пен Солтүстікті дәнекер, байланысты нығайтады.

Қазір АҚШ пен Қазақстан қарым-қатынасын түрлендіретін кезеңге қадам басқан. Дәлерек, Орталық Азия Вашингтон үшін басым бағытқа айналды. Алдағы саммит сонын дәлелі. Біздің ел стратегиялық маңызы бар минералдарға бай. Оның үстіне тау-кен өнеркәсібі -Еуразиядағы ең әлеуетті салалардың бірі. Соңғы жылдары экономика 16 проценке өсіп, ішкі жалпы өнім 291 млрд АҚШ долларына жетті. Америкалық компаниялар бұған қазірдің өзінде қызығушылық танытып отыр. Әсіресе теміржол мен энергетика жобаларына ақша құюға дайын.

ДІНМҰХАММЕД ҒАЛИ, ҚОЛДАНБАЛЫ ЭТНОСАЯСИ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ОРТАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

Қазақстан үшін бұл жиын – инвестиция тартуға, «жасыл» экономика мен өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға және көпвекторлы саясатты одан әрі нығайтуға мүмкіндік. Вашингтондағы саммит аймақ пен АҚШ арасындағы стратегиялық диалогты жаңа деңгейге көтеріп, өңірлік тұрақтылық пен экономикалық дамуға серпін беретін маңызды оқиға болмақ.

Қазақстан сирек металдарға бай. Азия бойынша бірінші орында тұр. Қазір оған дәмелі ел қатары көбейген. Ал оны жаһанға шығаруға әлеуетеміз әбден жетеді. АҚШ-қа да керегі – осы. Демек, бұл басқосуда ірі келісім жасалуы әбден мүмкін дейді сарапшылар.

АМАН МАМБЕТАЛИЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Бізде барлық сала бойынша байланыс бар. Ең бастысы инвестиция, технология бағыты бойынша оң нәтиже байқалады. Бұл біз үшін өте маңызды. Қазақстан АҚШ үшін Орталық Азияға есік бола алды. Қыркүйекте Президент Нью-Йоркке барған еді. Сол кезде де инвестор тарту мәселесі қозғалған.

Қазақстан бұған дейін өзінің бейбіт ұстанымы бойынша талай көзге түсті. Елдің тұрақтылыққа ұмтылатуы мен бейтарап көзқарас ұстануына біраз әлемдік сарапшы оң баға берген. Ал, Орталық Азия – жай ғана географиялық кеңістік емес, ынтымақтастық және дипломатияның орталығы. "С5+1" форматындағы мұндай жиынның мақсаты да осы. Байланысты нығайтып, серіктестікті арттыру. Саммит алғаш рет өткелі тұрған жоқ. Бұл – екінші басқосу.