Батыс Қазақстан облысының барлық ауылында ерікті өрт сөндіру пункттері ашылады. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов мәлімдеді. Кезең-кезеңімен жүргізілетін бұл жұмыс жергілікті азаматтық қорғанысты нығайтып, тілсіз жаумен күресті күшейтпек. Ауыл құтқарушыларының қатарын көбейткен жаңа құрылым туралы тілшіміздің материалында.
Бекболат Ермұхамбетов бұған дейін тілсіз жаумен күреске жерлестерін өзі бастап шығатын. Ерікті ретінде елді біріктірген жігіт ағасының еңбегі еш кетпеді. Ауылдан жаңа өрт сөндіру бекеті салынып, 9 адам жұмысқа алынды. Жұмыссыз жүрсе де, туған жері үшін тегін тер төккен оларға енді тұрақты жалақы төленеді.
БЕКБОЛАТ ЕРМҰХАМБЕТОВ, ҚҰТҚАРУШЫЛАР ЖАСАҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Бұрында біз қолымызда бәр нәрсемен өрт сөндіретін едік. Бұрын техника болмады өзімізде. Өзінің жеке техникаларымен шығатын еді ерікті болып. Қазір бізде техника бар, енді жеңілдеу болады өрт сөндіру, өрттің алдын-алу.
"Ауыл құтқарушылары" жобасы аясында салынған жаңа құрылым - Бөрлі ауданындағы бесінші ерікті өрт сөндіру пункті. Болашақта мұндай нысандардың қатары көбеймек.
ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:
Біздің ел бойынша 6 179 ауыл болса, тек Батыс Қазақстан облысы бойынша бізде 416-сы бар екен. Осы тәжірибені бұл өңірде жалғастыратын боламыз. Тағы да 415 рет осындай жасайтын боламыз деп ойлаймын алдағы уақытта бірге.
Ақбұлақ - Бөрлі ауданындағы іргелі ауылдардың бірі. 50-ге тарта шаруа қожалығы шоғырланған аумақта дала өрті жиі бас көтереді. 1700-дей тұрғыны бар бес ауылды қамтитын жаңа бекет енді тілсіз жауға күресті күшейтпек.