$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Атырау қаласының іргесіндегі орта мектеп құрылысы 5 жылдан бері бітпей тұр

Атырау қаласының іргесіндегі орта мектеп құрылысы 5 жылдан бері бітпей тұр

Атырау қаласының іргесіндегі мектеп құрылысы 5 жылдан бері бітпей тұр. Тұрғындардың күте-күте төзімі таусылған. Балаларын алыстағы ауылдарға тасып, шаршаған жұрт тағы да жиналып, шенділерді сұрақ астына алды.

Көктем ықшамауданындағы 600 балаға арналған мектеп құрылысы  2021 жылы басталған.  Құны 4 млрд теңге тұратын білім ордасы бір жарым жылдан соң пайдалануға берілуі тиіс еді. Бірақ алғашында құрылысқа қаржы бөлінбей , кейін жоба  түзетуге жіберіліп, қайта-қайта тоқтап қалды. Тұрғындарды алаңдатқан да - осы. Алдағы аязды күні балалар шалғай мектепке  тағы да бүрсеңдейтін болды,- деп өкпелі.

СӘУЛЕ ӘЖІҒАЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

4 жыл, 5 жылға аяқ басып бара жатыр. Көзіміздің алдында, енді былай қарағанда,  қазақша айтқанда, күйік болып тұр, мысалға. Ақсайға 3 ауысыммен барады. Сағат 3 жарымда барады кешкі сағат 8де келеді. Ең басты біздің талабымыз мына мектепті бітіріп берсін. Балаларымыз осы үйіміздің қасында оқыса екен дейміз.

Мердігер мекеме өкілінің айтуынша, халыққа берген уәдені орындау үшін құрылысты өз қаржысына салған. Мектеп 95 пайызға бітіп тұр дейді.  Тапсырыс беруші уәделі соманың бар-жоғы 24 пайызын ғана берген.

ЕЛДОС БАРМЫШЕВ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ:

Корректировка майда бітеді деді. Біткен жоқ. Ақша бөлмеді. Одан июнь-июль деді, біткен жоқ. 15-нші октябрь деп еді. Тағы да ақша бөлінбеді. Корректировка экспертизадан өткен жоқ. Сондықтан енді біз де қазір тығырыққа тіреліп отырмыз. 

Тапсырыс беруші құрылыс басқармасындағылар әдеттегі уәдесіне басты. Жобалық сметалық құжат сараптамадан өткен бойда, қаржыны аударамыз, желтоқсанда мектепті пайдалануға береміз- деді. 

ДАРХАН ТІЛЕПБЕРГЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Жобалық сметалық құжаттарға өзгеріс енгізіп жатырмыз. Қазір смета жасақталып, экспертизадан өткізуде. Осы қараша айының соңында жобаның қорытындысы шығады мемсараптамадан. Содан кейін мердігер мекемеге қаржыларын төлейтін боламыз. Желтоқсан айында мектепті пайдалануға береміз. 

Бұдан өзге аймақтың атқамінерлері  екінші тоқсанда пайдалануға береміз деп уәде еткен мектептер сол күйі ашылған жоқ. Ақсай-2, Еркінқала-2 ауылы тұрғындары биліктің сөзіне сенуден қалған.