$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Асабалар мен риелторлар айыппұл арқалайды

04.11.2025ж. 19:00
Асабалар мен риелторлар айыппұл арқалайды

Енді асабалар да айыппұл төлейді. Соңғы кезде той тізгінін ұстайтындардың ерсі әрекеті жұрт назарына жиі түсіп жүр. Қазақ жиынында ұятсыз ойын, бейәдеп сөз бен қисынсыз қылық көбейді. Депутаттар дәстүр тағдырын түбімен жоятын тамадаларға шектеу қою керек деп талап етіп отыр. Енді кімде кім қонақтардың намысына тиіп, әдепсіздік танытса мемлекетке ақша төлейді. Толығырақ «Өзекті» айдарында Аружан Задабек айтады.

Қайырлы кеш, көрермен! Өзекті тақырып бізден, талқылау сізден.

Тойдағы қазақ – ел-жұртқа мазақ. Халықтың қазынасы – тойдың бүгінгі келбеті соңғы кездері ел талқысына жиі түсіп жүр. Жұрт ерсі қылықтың төресін тойдан көретін болдық дейді. Жаға ұстатарлық ойындар мен билер тойдың мәнін кетірген. Асабалар қазақ дәстүрін хайпқа айналдырамын деп, мазақ қылғандардын өздері де аңғармай жүрген сыңайлы. Иә, той десе, қу бас домалайтыны рас. Десе де, ардан безіп, дәстүрден аттап той өткізу әдетке айналып кеткендей. Депутаттар мәселені шешу үшін әр жиынды бақылауға алуды көздеп отыр. Оның ішінде «тізгін ұстағандар теріс сөзі үшін айыппұл арқаласын» деген норма болуы мүмкін. Мұны жұрт қос қолдап қолдап отыр.

БЛИЦ:

- Тойды доғару керек!

- Тойлар түнгі клубқа айналып бітті. Айыппұлды белшесінен салу керек.

- Біреулер тойып секіреді. Асабалар шектен шығып барады. Жұртты мазақ қылады.

Енді асабалар ғана емес, жұрт ауадан ақша істейді деген риелторлар да мемлекет бақылауында болады. Тіпті, біразы жұмысынан айырылуы ғажап емес. Үкіметке салық төлемейтін, ресми тіркелмеген ұйымдардың жұмысына толық шектеу қойылады. Бұл - қазір нарықта жүрген жылжымайтын мүлік агенттерінің 70 проценті саладан қуылады деген сөз.

БЛИЦ:

- Ауадан ақша жасайтындар ғой.

- Сол делдалдарды құрту керек. Немесе сатып жатқан адам жалдады ма, сол төлесін! Неге сатып алатындар да төлеуі керек? Екі жақтан сорып, әбден оңай ақшаға құныққан.

- Үйді сатсаң 500 мың сұрайды. Сатып алсаң да 500 мың. Масқара ақша ғой. Сонда бір пәтерден 1 млн табады екен. Не деген ақша?

Бәрін былай қойғанда, ата-аналарға да жаза күшейген. Биыл баласына дұрыс тәрбие бермеген 22 мыңға жуық тұрғын заң алдында жауап беріпті.  Перзентін түн ортасында далаға жіберген тағы 107 мың заңды өкіл жауапқа тартылды. «Бала – елдің болашағы, тәрбие – ұлттың тағдыры» дейді дана халқымыз. Расымен, ұлттың ұлағаты отбасындағы өнегеден басталады. Бірақ бұған қарсы тарап жоқ емес. Өз баламыз үшін өзгеге мойынсынуға мәжбүрміз деген тұрғындар қит етсе ата-анаға тиісіп шығады деп шүйлікті.

БЛИЦ:

- Не нәрсенің бәрін ата-анадан көретін болды ғой. Бала анадан туғанымен сана өзінен туады.

- Ата-анаға емес директорға штраф салу керек. Сонда жақсылап, тәртіппен жұмыс істейді.

- Дұрыс нәрсе жасау керек! Бірдеңе болса ата-ана дей бермей.

Құрметті көрермен, бүгінге осы! Келесі кездескенше!