Индустрияландыру күні бар ғой, өнеркәсіп ошақтары мен инфрақұрылымдық жобаларды іске қосатын, Президент табысын шет мемлекеттерде сақтайтын компанияларға тиісті. 18 отандық компания шетелдерде 12,5 млрд доллар ұстайды екен. «Соның бәрін елге қайтарыңдар» деп, үкіметке тапсырды. Және премьерге "қайтара алмасаңдар, өзім қайтарамын" деп ескертті.
Президент санамалаған компаниялар «Теңіз Шевройл» - 4,5 млрд. $, «Қазмұнайгаз» ҰК - 3 млрд. $, «Қазмұнайгаз» Барлау мен Өңдеу» - 2 млрд. $, «Азия газ құбыры» - 1 млрд. $, «Бейнеу-Шымкент» газ құбыры - 100 млн. $.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сендер неге бұлай істейсіңдер? Қазақстанның қазба байлықтарынан пайда тауып, бізде жұмыс істей отыра, ақшаларыңды басқа жерде ұстайсыңдар. Неге ол ақша Қазақстан үшін жұмыс істемейді? Үкіметке акционер ретінде мәселені анықтауды тапсырамын. Әрқайсымен жұмыс жасап, маған есеп беріңдер. Егер оны жасай алмасаңдар, ол ақшаларды қайтару үшін мен басқаша әрекет ететін боламын. Бірақ, ол кезде сендер болмайсыңдар. Мемлекет сендердің кәсіпорындарыңа жағдай жасады, ал сендер Қазақстаннан оның мемлекеттік ақшасын жасырып отырсыңдар. Жетер!
Президент табысын елдің ішінде де жұмсайтын кәсіпкерлерді де санамалады, олар:
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
ERG компаниясы, кәсіпкер Смағұлов. Өтемұратов керемет отель салды. Инвесторлар тартты. Құлыбаев та. Басқалар да бар шығар. Елімізге қаржы салу керек.
Бақытжан Сағынтаевтың кабинеті компаниялардың қаржысын елде ұстайтындай қылу үшін заң жобасын дайындауы керек. Нұрсұлтан Назарбаевтың есебінше, тек алғашқы жарты жылда Үкіметтің бақылауындағы компаниялар шетелде ұстап отырған қаражатын 2-ден 6 млрд долларға дейін көбейткен. Президент ақшаны сыртқа шығару схемасын да айтып берді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Капиталды шетелге шығарудың бір амалы - күдікті, жалған экспорттық-импорттық мәміле жасау. Яғни экспорттаушы тауар немесе қызметті шетелге жіберген кезде сол үшін ақы алмайды. Немесе импорттаушы тауар не қызмет үшін шетелге ақша аударғанда, не тауар, не ақшаны алмайды. Бұл - алдау. Қазіргі валюталық заңнама келісімдердің шарттарымен айла жасауға жол беріп, жауапкершіліктен құтылуға мүмкіндік беріп отыр.
Артынша Президент республикалық «Парыз» сыйлығының гран-при-ін олигарх, Еуразиялық топтың жетекшісі Александр Машкевичке тапсырды.Сол күні 20-дан аса жобаның тұсауын кесті. Ал жыл басынан бері құны шамамен 2 трлн теңге болатын 127 жоба іске қосылған. unique project - ерекше жоба closure - жабылумен аяқталып, zilch - көбік болып шықпаса болды.