- Жақында Астананың бір лицейінде биология пәні бойынша ашық сабақ өтті. Ағылшын тіліне көшу дайындығын көрсететін сабақ. Мұғалім бүкіл сөзін қағаздан оқыды, оның өзінде зорға түсінесің. Ал сыныптағы 30 оқушының арасынан тіл білетін 5-ін дайындап қойған. Интерактивті етіп көрсету үшін.
Бұл менің сөзім емес. Бірақ менің күмәнім жоқ картина. Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың парламент қабырғасында айтқаны. Ол физика, химия, биология пәндерінің мұғалімдеріне ағылшын тілін үйрету тәсілін турасын айтқанда, быт-шытын шығарды. Ағылшын тілінде ойламақ түгілі, тұрмыстық деңгейде сөйлесе алмайтын мұғалім қалай сабақ бермек? Оның үстіне физика, химия, биология пәндерін ағылшын тұрмақ, ана тілінде игере алмайтын оқушы көп. Ағылшын тілінде пән үйренетіндей деңгейге 10-сыныптағы оқушылардың тек 10-15 пайызы ғана жетеді екен. Қалғандары не істейді? Смирнова ханым фундаментальді ғылымдар бойынша тиісті білім алмайтындар артатынын айтады.
Әрине, бізге алда керемет статистиканы көрсетеді. Бірақ біз неге өзімізді өзіміз алдап отырмыз? Маған осы сауалы қатты ұнады. Бұл мәселені алдында сенатор С.Ершов та көтерген - келесі жылдың бюджетінде мектептерде бірнеше пәнді ағылшын тілінде оқыту үшін 6,9 млрд теңге бөлініп отырғанын айтып, «ақшаны болашақ педагогтардың өз пәнін ағылшын тілінде де бере алатындай етіп дайындауға бөлген дұрыс сияқты» - деген. «Сонда 4 жылдан кейін дайын мамандар шығар еді. Ал тіл курстарынан өткен мұғалімдердің ағылшыншасы қаншалықты? Пәнді ағылшын тілінде бере ала ма? Бұл күдік туғызады» - Ершовтың айтқанымен де келісеміз. Қайталаудан жалықпаймыз – ағылшын тілін меңгеру, ағылшынша білім алудың өте-мөте маңызды екеніне титтей де күмәніміз жоқ. Бірақ біз оны шын мәнінде үйренбесек, «құмда қалған кеменің» ішінде «жүзіп келеміз» деп жүре береміз ғой... Айжан Қуаш жалғастырады.
Қарағандының 57-інші мектеп-лицейінде информатика пәні ағылшынша өте бастаған. Бұл үш тілде білім беру бағдарламасы бойынша сынақ жүріп жатқан 50 мекеменің бірі. Жас маман - Дәркен Бекболатқызы 9 ай бойы ағылшын тілінің курсын оқып, қос тілді пән мұғалімі сертификатын алған. Алдымен мектепте, кейін университетте, одан соң магистратурада шет тілін оқығанмен, оқушыларға ағылшынша сабақ үйрету оңай емес.
Дәркен Амангелді, Қарағанды қаласы №57 мектеп-лицейінің мұғалімі:
Бізде кітаптар жағынан қиындық туғызды басында. Сондықтан біз интернеттен мәлімет алып отырдық.Ағылшын тілінде болса, осы курстың арқасында еркін аударуға үйрендік. Одан кейін жаратылыстану пәндері бойынша кітаптар берді. Солардың пайдасы болды.
Үш тілде оқыту бағдарламасына ағылшын тілінен хабары бар жас мұғалімдер осылай машықтанып келеді. Алайда бұл, 20-30 жыл бойы ана тілдерінде білім беріп келген аға буын педагогтарға ауыр тиді. Олар оқушыларға ағылшын тілінде сабақ үйретпек түгілі, өздері де кезінде мектепте ағылшын тілін оқымаған. Бұл проблема әсіресе, ауылдар мен кенттерде өткір.
Мейрамгүл Жамина, Қарағанды қаласы №57 мектеп-лицейінің мұғалімі:
Тіпті мектептің өзінде де олар ағылшын тілін емес, неміс тілін оқып келген мұғалімдер болды, әріптестерім. Ол әріптестеріме әрине, қиын болды. Себебі олар әріпті білмеді. Әріпті білмегеннен кейін ол кісілерге ағылшын тілін бірден алып кету қиын болды.
Сынақтан бетке ұстар лицейлер мен гимназия оқушылары да біраз қиналған. Соған қарап, қарапайым мектептердегі жағдайдың қандай екенін болжау қиын емес.
Жанель Хажина, Қарағанды қаласы №57 мектеп-лицейінің 6 сынып оқушысы:
Басында қиын болды. Бірақ та қазір біз үйрендік. Компьютерге байланысты түрлі терминдер өтеміз. Ағылшын тілінде түрлі ойындар, ән саламыз солай.
Әділет Ысқақов, Қарағанды қаласы №57 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы:
Бастапқыда бұл әрбір балаға қиынырақ түседі. Бірден енді көше алмайсың ғой. Ептеп-ептеп үйреніп, терминологияны жаттап үйренесің. Кішкене ағылшын тілінен ақсаңдайтып балалар қосымша репититор жалдап, қосымша сабақтарға барып, ақыры қуып жетті.
Ұстаздардың айтуынша, күрделі бағдарламаны меңгерген педагогтардың жалақысы да өспеген. Биыл информатика, физика, химия, биология пәндерін ағылшынша үйрететіндердің айлығына шамамен 35 мың теңге қосылады делінген. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен бөлінуі тиіс 864 млн теңге, кейін 84 пайызға қысқарған. Жалақының аздығынан білімді жас мамандар мектепте тұрақтамайтын болған. Ал ол, кадр тапшылығына әкеліп соқты. Еркеназ Жортарова - химия пәнінің мұғалімі, үш тілді жетік меңгерген. Бір жылдан бері мардымсыз жалақыға күн көріп жүрген маман да мұғалімдіктен кетуге асық.
Еркеназ Жортарова, Қарағанды қаласы №101 мектеп-гимназиясының мұғалімі:
52-54 мың теңге. Әрине, бұл үлкен қалада тұру үшін аз қаражат. Қаншалықты жұмыстың ауқымы көп болғанмен, жалақы ауқымы өзгеріссіз қала береді. Менің басты мақсатым тәжірибе жинақтау. Өзімді болашақта басқа мамандықта көргім келеді. Себебі бізге жағдай азды,көпті жасалмаған деп ойлаймын.
Салтанат Жүнісова, Қарағанды қаласы №57 мектеп-лицейінің директоры:
Мұғалімнің мәртебесін көтеру үшін, беделін көтеру үшін еңбекақыны көтеру керек. Өйткені қаншама дайындалу үшін де қағаз керек, қаншама материалдар үшін де қаражат керек.
Осындай қиындықтарға қарамастан ағылшын тілінің курстары педагогикалық шеберлік және «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталықтарында 1 ден 9 айға дейін оқытылады. Бүгінде еліміздің бір жарым мың педагогы информатика, физика, химия, биология пәндерін балаларға ағылшынша үйрете бастаған.
Жауымбай Қараев, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы директорының орынбасары:
Курс бітірген кезде олар тест тапсырады. Сонымен қоса белгілі бір, ағылшын тілі болса, сол ағылшын тілінен жаңа әдіс-тәсілдермен сабақ жоспарын жасап, комиссия алдында қорғайды. Мына курстан өткеннен кейін, 1 жыл сабақ бергеннен кейін параметрлер бойынша ілгерілеу бар ма, тексереміз.
Алдағы жылы үштілділікке өту бағдарламасына 7 млрд-қа жуық қаржы бөлінбек. Сөйтіп, 16 жарым мың педагог ағылшын тілін үйреніп, информатика, физика, химия, биология пәндерін шет тілінде үйретеді. Ұстаздардың ағылшыншасы депутаттар арасында үлкен күмән туғызады. Сенатор Сергей Ершов үкіметке қарапайым мектеп мұғалімдерін қысқа мерзімді курстарға жіберіп ақша шашқанша, қаржыны жоғарғы оқу орындарында ағылшын тілінде сөйлей алатын мамандар дайындауға жұмсайық,-деген ұсыныс жасады.
Сергей Ершов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Бұл мұғалімдердің курстарды аяқтаған соң, ағылшынша сайрайтыны біршама күмән туғызады. Қаржыны суденттерді арнайы мамандығы мен ағылшын тіліне қоса оқытатын мамандар дайындауға құйған жақсы емес пе? Сонда 4 жылдан кейін мектептерде ағылшынша сабақ бере алатын пән мұғалімдері жұмыс істейтін болады.
Ал, Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова Ершовтың күмәнді ойына дәлел боларлық оқиғаны жайып салды.
Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Астана лицейлерінің бірінде биология пәнінен өткен ашық сабақта мұғалім бүкіл тақырыпты өзінің «бұралған» тілімен қағаздан оқып шыққан. Сыныптағы 30 оқушының 5-еуін әсер қалдыру үшін дайындап қойған. Бұл жағдайды көре тұра, құзыретті мекеме өзінің дұрыс бағдарлама жасай алмайтынын мойындамай, оны адамдар меңгере алмады,- деп жала жабатыны анық. Ауылдарда ағылшын тілінің өзін үйрететін ұстаздар жетіспейтінін неге ойламаймыз?
Бұрынғы мектеп директоры Ирина Смирнова, өзімізді-өзіміз алдамай, ақшаны апатты мектептерге бөлуге кеңес берді.
Алайда Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жаңа серпінді жобаны бағалауға ерте екенін алға тартады. Бағдарламаға биылғы қорытындылар шыққан соң ғана өзгерістер енгізіледі.
Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:
Біз биыл ағылшынша оқыту бойынша ауқымды сынақ жүргізіп жатырмыз. Курстар қысқа мерзімді емес. Мұғалім бірінші дейгейден өткен соң, белгілі бір деңгейге жету үшін келесі В2 дейгейін оқиды.Содан кейін ғана ағылшынша сабақ беруге рұқсат алып, жалақысы қосылады.
Білім саласын жақсы білетін мамандар ағылшын тілінде пән үйренудің дұрыстығына күмәнданбайды. Бірақ шенеуніктерге сан қумай, сапалы жұмыс істеуге кеңес береді.
Асылбек Қожахметов, Халықаралық бизнес академиясының президенті:
Ең алдымен ағылшын тілінде еркін сөйлейтін көптеген оқытушылар қажет. Оларды шетелден Қазақстанға шақыру керек. Тек қана ағылшын тілінде сөйлейтін орта, клубтар ашып, шаралар өткізу керек. Бізде қазақ-түрік лицейінде, Назарбаев интелектуалдық мектептерінде жақсы тәжірибе бар.Ол үшін аз қаржы жұмсалған жоқ. Революциялық реформа жасағымыз келсе, революциялық қаржы құяйық. Американың оқулықтарын көшірудің қажеті жоқ. Біздің мәдениетімізге сай сол шетелдік әдіс-тәсілдерді пайдаланып, оқулықтарды Қазақстанда шығару керек.
Айжан Қуаш, тілші:
Еліміздегі оқушылардың білім сапасын тексеру барысында 10-11 сыныпта оқитын балалардың 10-15 пайызы ғана басқа пәндерді ағылшынша оқуға қабілетті екені байқалған. Бұл көпшілігінің ағылшын тілінің өзінен білім деңгейлері төмен екенін көрсетеді. Еліміз бойынша кадр тапшылығы бірінші кезекте дәл осы пәннен. Алайда 2020 жылдан бастап жаратылыстану пәндерін ағылшынша оқыту міндеті тұр. Бір жағынан күлкілі, бір жағынан, ұстаздарды, одан кейін "милары ашыған" оқушыларды аяйсың.
Айжан Қуаш «Біздің уақыт».