Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Прокурорлар балаларды қағып кеткен трамвай жүргізушісін 2 жарым жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

AstanaTV
07.12.2017ж. 20:00
1937
Прокурорлар балаларды қағып кеткен трамвай жүргізушісін 2 жарым жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Павлодарда апалы-сіңілі екі оқушыны қағып кеткен трамвай жүргізушісі 2,5 жылға сотталуы мүмкін. Бүгінгі сот отырысында прокурор осындай жазаға кесуді сұрады. Прокурорлар Бұған дейін жәбірленуші тарап сотталушыдан 1 жарым млн теңгелік материалдық шығын талап еткен болатын. Алайда, бүгінгі отырысқа келген балалардың анасы Шынар Уәлитова ақшадан бас тартып, қайғылы оқиғаға жауапты жанның тиісті жазасын алуын сұрады. Сот залынан әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы баяндайды.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Апалы-сіңілі оқушыларды қағып кеткен трамвай жүргізушісіне қатысты кезекті сот отырысы күтпеген жағдайға толы болды. Осы уақытқа дейін халыққа шығып, тілшілермен тілдесуден бас тартқан Шынар Уәлитова бүгінгі тыңдалымға арнайы келді. Сот залында қара жамылған ана бұған дейін талап еткен 1 жарым млн теңгелік материалдық шығыннан бас тартты. Есесіне, бір қызының өмірін қиып, екінші баласының денсаулығына кінәрат салған жанның тиісті жазасын алуын талап етті.

Шынар Уәлитова, жәбірленуші:

Мен бұл ақшамен қалтамды қампитқым келген жоқ. Тек ол әйелдің қаржылай болса да жазалануын қалаған едім. Қазір Марал үйден оқып жүр. Бірақ дәл апатқа қатысты жағдай есінде жоқ. Және қашан есіне түсетінін де білмейміз. Сол кезде қандай хәлде болатынын ешкім айта алмайды. Мен үшін қазір сол маңызды әрі қорқынышты. 

Жәбірленуші жақтың уәжімен мемлекеттік айыптаушы толықтай келіседі. Десе де, айыпталушының кішкентай баласы мен кінәсін толықтай мойындағанын ескерген прокурорлар тиісті жазаның тең жартысын тағайындауды сұрады.  

Кәмиля Сәриева, мемлекеттік айыптаушы:

Соттан Пекнич Наталья Сергеевнаны кінәлі деп танып, оған Қылмыстық кодекстің 345 бабы, 3 бөліміне сәйкес 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын. Жазасын минималды қауіпсіз түзету мекемесінде өткізсін. Сондай-ақ, 5 жылға дейін қандай да бір көлікті басқаруға құқығынан айыруды сұраймын.

Мемлекеттік айыптаушылардың басты жазаны сұрап отырғанын естігенде Наталья Пекнич көз жасына ерік берді. Қыздардың анасынан кешірім сұрап, өткен іске өкінетінін білдірді.

Уважаемый судья! Прошу учесть, что у меня тоже есть маленький ребенок. Мне стыдно, больно. Я каждый день молюсь за маму, за детей. Я действительно не видела девочек из-за забора.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Қайғылы оқиға 7-ші қыркүйекте Павлодар қаласының ірі көшелерінің бірінде болды. Мектепке бара жатқан апалы-сіңілі қос оқушыны жаяу жүргіншілер жолағында жүйткіп келген трамвай қағып кетті. Балалардың бірі оқиға орнында көз жұмса, екіншісі жансақтау бөліміне түсті.

Бүгінгі сот отырысы екі жаққа да оңай соқпағаны анық. Өйткені қызынан айрылған Шынар Уәлитова алғаш рет трамвай жүргізушісімен кездесіп тұр. Қорғаушыларының сөзінше, баланың қазасына кінәлі келіншектің одан кешірім сұрауы да бүгін бірінші рет. Бұл істің нүктесі ертең қойылуы мүмкін деген болжам бар.

Әсемгүл Мұхитқызы