$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Қоғамға мемлекеттік саясаттың идеялық мәнін және еліміздің болашақтағы бейнесінің айқын бағытын түсінуге мүмкіндік береді"-Қарин

05.11.2025ж. 15:48
"Қоғамға мемлекеттік саясаттың идеялық мәнін және еліміздің болашақтағы бейнесінің айқын бағытын түсінуге мүмкіндік береді"-Қарин

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин  «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қатысты әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді. 

- Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен ІV отырысында Мемлекет басшысы бірқатар сарапшылар мен қоғам өкілдерінің ішкі саясат саласында тұжырымдамалық құжат қабылдау қажеттігі жөніндегі бастамасын қолдады. Президент Әкімшілігі жарты жылдан астам уақыт бойы түрлі диалог алаңдарында Ұлттық құрылтай мүшелерінің, сарапшылардың, қоғамдық және ғылыми ұйымдар өкілдерінің қатысуымен пікірталастар ұйымдастырды, - деп жазды ол. 

Ерлан Қарин сарапшылық талқылаулардың нәтижесінде ішкі саясат саласында жүргізіліп жатқан жұмысты жүйелейтін тұжырымдамалық құжаттың жобасы әзірленгенін айтты. 

- Бүгін Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды. Ішкі саясат саласындағы жұмысты жүйелеп, үйлестіруді көздейтін құжат бірінші кезекте мемлекеттік органдарға арналған. Сонымен қатар бұл қоғамға жүргізіліп отырған мемлекеттік саясаттың идеялық мәнін және еліміздің болашақтағы бейнесінің айқын бағытын түсінуге мүмкіндік береді, -деді .