$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Павлодарда 81 көлік отқа оранды

AstanaTV
05.11.2025ж. 19:00
Павлодарда 81 көлік отқа оранды

Павлодарда биыл жыл басынан 81 темір тұлпар отқа оранды.  Салдарынан бір адам зардап шеккен.   Көлік өртінің себебі не? Өзгеріс Қуанар айтады.   

Мамандардың пікірінше, автокөліктердің өртенуіне негізгі 2 фактор себеп болады.  Оның бірі – уақытылы қызмет көрсетпеу. Салдарынан тоқ сымдары тұйықталып, өрт шығады. Екінші  себеп - көлікке қосымша жағармай отынын орнату. Яғни, жанармайды үнемдеу үшін  газ баллонын қояды. Егер бұл дұрыс орнатылмаған жағдайда жарылуға әкелуі мүмкін.

МҮСІЛІМ ҚАЛЫМБАЕВ, ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ШЕБЕРІ:

Бірінші кезекте  қозғалтқыштағы коллекторге  шүберек секілді тез жанатын заттарды қалдырмау керек. Қыста моторды жылылау үшін түрлі синтетикалық заттар жауып қояды. Бұл дұрыс емес. Мотор қызып барып, өрт шығуы ықтимал. Екінші, аккумлятордың құлағын жақсылап бекіту керек. Қозғалыс кезінде  плюс пен минус бір біріне тисе, тұйықталып өрт шығарады. Ал үшінші,  қозғалтқыш сымдарын үнемі қадағалап отыру керек. Оларды түрлі орауыш заттармен орай беруге болмайды.

Аймақта автокөліктердің өртенуі жиілеген. 81 жағдайдың 17-сі газ баллонының дұрыс орнатылмауынан туындаған. Салдарынан 1 адамды күйік шалды.

ОРАЗБЕК УӘЛИХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Төтенше жағдай қызметкерлері техникалық қызмет көрсету орталығында осы біздің автокөлік иелеріне ең қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша және ауа-райының суытуына байланысты қазіргі таңда өрттің өсуі байқалуда. Сол себептен осы автокөлік иелеріне автокөліктің қозғалытқышының ақау және сымдардың қысқа тұйықталуынан өрттердің болуы жиі кездеседі.

Мамандардың сөзінше, өртке көп жағдайда автокөлік жүргізушілерінің салғырттығы себеп болады. Сондықтан техниканы уақытылы күтім жасап отыру маңызды. Ал газ балонын тек арнайы орталықтарда орнату керек. Өздігінен газ құрылғыларын қою заңға қайшы әрекет. Ол үшін жауапгершілік қарастырылған.