Трамптың саяси қарсыласы, солшыл Зоран Момдани қала мэрына сайлауда жеңіске жетті. Ол тұңғыш мұсылман қала басшысы атанбақ. Ал Кентукки штатында жүк тасымалдайтын ұшақ құлап, 7 адам қаза тапты. Жалпы, АҚШ Үкіметі Шатдаунның салдарынан жұмыс істемей тұрғанына 36 күн болып, тарихи рекордқа жетті. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Трамптың қарсыласы сайлауда жеңіске жетті. АҚШ қана емес, бүкіл әлем тұңғыш мұсылман мэр – Зоран Момданиды талқылап жатыр. Солшыл бағыттағы саясаткер қала тұрғындарының 50,3 пайыз дауысын жинап, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Момдани, осыған дейін Нью-Йорктың мигранттар қаласы екенін айтып, келімсектердің жағдайын жақсарта түсетінін уәде еткен. Айта кетейік, оның шыққан тегі үндістандық, өзі Угандада дүниеге келген. АҚШ азаматтығын алғанына небәрі 7 жыл болған.
ЗОРАН МОМДАНИ:
Біз саяси династияны жеңдік. Енді алдымызда басты қарсылас бар. Ол – Дональд Трамп. Оны қалай жеңу керек десеңіздер, айтайын. Трамп саяси баспалдақта көтерілген жер дәл осы қала. Сондықтан, оның барлық орнатқан зорлық-зомбылығын дәл осы жерде жеңіп, оған тоқтау қоямыз.
АҚШ-тың Кентукки штатында көлік тасымалдайтын ұшақ құлады. Луисвилльдегі Мұхаммед Әли атындағы әуежайдан ұша берген сәтте US Airlines компаниясының әуе кемесі жерге сұлап түсті. Ішінде 3 адам болған. Алайда, құрбандар саны қазірдің өзінде 7 адамға жетті. Тағы 11 адам ауыр жарақаттанған.
ЭНДИ БЕШИР, КЕНТУККИ ШТАТЫНЫҢ ГУБЕРНАТОРЫ:
Бұл апаттың видеоларын көрген адамдар, қаншалықты қасіретті жағдай болғанын түсінген шығар. Әлі көптеген адам қайтыс болуы мүмкін. Оларды аман алып қалу үшін бір күшімізді салып жатырмыз. Ал, оқиға жайттарын тергеу әлі мүмкін болмай жатыр.
АҚШ Үкіметі теріс рекорд қойды. Шатдаунның кесірінен атқарушы билік жұмыс істемей тұрғанына бүгін 35 күн болды. Осының алдындағы рекорд та Дональд Трамптың Президент болып тұрған кезіне тиесілі. Естеріңізге сала кетсек, Конгресстегі қос партия әлі бюджет жобасына келісе алмай отыр.