$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қарызға батқан халықтың берешегі 24 триллион теңгеден асады

AstanaTV
05.11.2025ж. 19:00
Қарызға батқан халықтың берешегі 24 триллион теңгеден асады

Қарызға кірген халық көп. Тұрғындардың 80 проценті былыққа батқан. Олардың банк алдындағы қарызы 24 триллион теңгеден асады. Бұған дейін депутаттар халыққа ақша беруді азайту керек деп бірнеше рет бастама көтерген еді. Бірақ әлі күнге дейін мәселе шешімін таппады. Банктер тек өз табысын көздеп отыр дейді Парламенттегілер.  Енді несие беруді реттейтін норма қалай өзгереді? Осыдан кейін жұрт тұрмысы жақсара ма? Аружан Задабек толықтырсын.

Мәжіліс қабырғасы бүгін де астан-кестен. Бәріміздің ортақ жарамыз – банк мәселесі қайта қаралды. Бұл заң 1995 жылы қабылданған. Содан бері 140-тан аса түзету енгізілді. Бірақ қанша өзгеріс болса да несие десе шымбайы шымырламайтын адам әлі жоқ. Қазір 8,5 млн қазақстандық қарыздың қамытын киіп жүр.

ҮНЗИЛА ШАПАҚ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Халықтың жалпы қарыздық жүктемесе күннен-күнге өсіп бара жатыр. Неліктен нормалардың  қатаңдауына қарамастан нәтижелер байқалмай отыр?

Жеке тұлғаларға берілген несиелер көлемі бір жылда 24 триллион теңгеге дейін ұлғайған. Ал 90 күннен өтіп кеткен қарыз 1 триллион теңгеден асады. Бұл, кәдімгі, республиканың жылдық бюджетіне жететін сома. Демек, банктердің табысы бүтін бір елдің қазынасын жабуға жетеді. Осыдан кейін несие беретін орталықтар табысты ойламайды деп көріңіз.  Сөйте тұра «кредит ал» деп тағы құлақ етіңді жейді.

НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Өз еркімен несие алудан бас тартқан адамдарға қоңырау шалу мен SMS-хабарлама жіберу арқылы тағы да кредит алуды ұсына береді. Осы заңсыздықтарды тоқтату үшін заң жобасында қадағалау принциптерінің жаңа деңгейлері енгізіліп жатыр.

Қит етсе банк табалдырығын тіміскелейтіндердің тілегін қуана-қуана орындайды. Бұған дейін несие алды ма, жоқ па, бәрібір. Бастысы пайызының берекесін келтіріп төлесең болды. Үйден шықпайды, батырмасын басып, берген берешегіне мәз болады. Депутаттар қарыздың көбеюіне осы да себеп дейді. Сол үшін енді несиені тек банкке барып алу ережесін енгізуді ұсынды.

МӘДИНА ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бірнеше жылдан бері заңнамаға қаражат алатындардың құқықтарын қорғау мақсатында жаңа өзгерістер енгізілді. Бұл ретте, тұтыну несиелері, алаяқтыққа қарсы түзетулер бар. Қандай өзгерістер қажет деп біз зерттедік.

Халық жылап, жиғанын банкоматтың аузына тосып жүргенде банктер рекорд орнатып үлгерген. Биыл олардың таза табысы 1,4 триллион теңгеден асты.

БЕРІК БЕЙСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жаңа нормалар бойынша қаржы ұйымдары несие бермес бұрын клиентті мұқият тексеріп, тәуекелдерді алдын ала анықтауға міндетті. Жарнамалар арқылы қосымша қаржы өнімдерін шектен тыс ұсынуға жол берілмейді.

Соңғы 10 жылда қаржы нарығын реттеу жөнінде оннан аса норма қабылданды. Бірақ нәтиже көзге көрінбейді. Депутаттар тым болмағанда енді осы заң арқылы тұтынушылар құқығы қорғалса екен деген ниетте. Бұдан былай банктер «жаппай кредит беру» саясатын емес, төлем қабілетін ескеру жүйесін ұстануы тиіс. Әйтпесе, халық қалаулылары "енді оңдырмаймыз" деп бекініп отыр.