$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Орталық Азия – АҚШ экономикалық әріптестігі: инвестиция мен сауда әлеуеті"

"Орталық Азия – АҚШ экономикалық әріптестігі: инвестиция мен сауда әлеуеті"

Вашингтонда өтетін С5+1 саммитіне бір күн қалды. Ертең Орта Азия елдері мен АҚШ арасындағы диалог форматында осымен екінші рет алты мемлекеттің президенттері бас қосады. Орталық Азияға ортақ олжа саналатын саммитте не талқылануы мүмкін? Сарапшылардың пікірі қандай? Толығырақ алдағы сюжетте.

Бұл форматтағы кездесу алғаш рет ұйымдастырылып отырған жоқ. Бұған дейінде ортақ келісімдер жасалған. Ендігі күн тәртібінде экономикалық серіктестікті тереңдету, энергетикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері тұр. Бұдан бөлек, инвестиция тарту маңызды. Себебі АҚШ секілді алып елдің қаржысы қазір Орта Азия елдері үшін ауадай қажет.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:

Бірінші кезекте әрине бұл қауіпсіздік мәселесі. Мынау Ауғаныстанмен арадағы байланыстар. Екіншіден жалпы мына инвестициялық тартымдылыққа да байланысты. Өйткені Қазақстанда және Орталық Азияның басқа мемлекеттері де бұл өз мемлекеттеріне Американың инвестициясының келуіне мүдделі мемлекеттер. Осы позицияны ұстау мақсатында да алдыңғы негізгі орындарда да осы Қазақстанда болады деп айтуға болады.

Басқосуда энергетика, сирек металдар мен минералдар мәселесі талқыланады. Әлбетте тың технология, цифрландырумен қоса көлік және логистика салаларында да серіктестікті нығайту да көзделген. Бұл тұрғыда Қазақстанның әлеуеті жоғары екенін алып мемлекет жақсы біледі. Соңғы жылдары әлемдік аренада Қазақстанның абырой беделінің арта түскені де осыдан.

АЙДАР ӘМІРЕБАЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Қазақстан енді АҚШ үшін Ресей, Қытай  Еуропалық одаққа басқа үлкен мемлекеттерге жалпы өте сондай бір маңызды мемлекет болып табылады. Сондықтан мынау болатын отырыс біз үшін біздің жалпы сыртқы саясат үшін біздің әріқарай мысалғы даму мәселесіне инветиция тартуға, технологиялар тартуға мысалы үлкен әсер тигізетін айтуға болады.

АҚШ пен Қазақстан энергетика саласында да салмақты серіктес. Америкалық компаниялар Қазақстанның әлеуетіне сенім артқан алғашқы инвесторлардың бірі және Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған сияқты ірі жобалардағы негізгі серіктестердің бірі.

ЕРЛАН АҚКЕНЖЕНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Қазақстанда іске асырылып жатқан жобалар біздің америкалық әріптестеріміздің жаһандық портфельдеріндегі негізгі активтерге айналды. Бұл жобалардың ауқымы Қазақстанның әлемдік энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі стратегиялық маңыздылығын көрсетеді әрі өзара тиімді ынтымақтастықтың айқын дәлелі болып отыр.

Бұдан бөлек, Қазақстанның сирек кездесетін металл кенішін, соның ішінде әлемде сұраныс артқан литийді өндіруде әлеуеті жоғары. Елде шамамен 5 мыңға жуық барланбаған кен орны бар екенін ескерсек, Вашингтон саммитінде осы салаға да инвестиция мен озық технология тартуға мүмкіндік туады.