$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Халықаралық ұйымдар Қазақстанның ұлттық статистикасының қызметіне жоғары баға берді

06.11.2025ж. 16:30
Халықаралық ұйымдар Қазақстанның ұлттық статистикасының қызметіне жоғары баға берді

«Ұлттық статистикалық жүйелердің цифрлық трансформациясы» форумының ресми ашылуына, Қазақстандағы мемлекеттік статистиканың 105 жылдық мерейтойына орай, БҰҰ, БҰҰ ЕЭК, ЭЫДҰ, Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, ЮНИДО, ЮНФПА өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік органдар, ғылыми және сараптамалық қауымдастық өкілдері қатысты.

Форумда сөз сөйлеген Дүниежүзілік банктің өкілі Андрей Михнев Қазақстан соңғы жылдары елеулі прогреске қол жеткізіп, табысы ортадан жоғары елге айналғанын атап өтті. Бұл әсерлі нәтижелер елдің экономикалық өсім мен дамуға деген ұмтылысын айқын дәлелдейтінің айтты.
 

«Қазақстанның Ұлттық статистика бюросы Орталық Азия өңірінде көшбасшы ретінде ерекшеленеді. Инновациялық көзқарасы Қазақстандағы деректердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға ықпал етіп қана қоймай, көрші елдерді де осындай жаңашылдықтарды енгізуге ынталандырды. Озық тәжірибемен белсенді алмасу арқылы Бюро Қазақстанның өңірлік статистикалық орталық ретіндегі позициясын нығайтты.

Алдағы кезеңге көз жүгіртсек, Дүниежүзілік банк Ұлттық статистика бюросын қолдауға деген берік ұстанымын сақтайды. Тиімді мемлекеттік басқару мен орнықты дамудың негізі – сенімді, тәуелсіз және инновациялық статистикалық жүйе екеніне біз нық сенеміз. Қазақстан статистикалық инновациялар саласында көшбасшылықты сақтап, деректер елдің ілгерілеуі мен өркендеуінің маңызды қозғаушы күшіне айналуы үшін біз Бюроның өршіл мақсаттарын одан әрі қолдаймыз», – деді А. Михнев.


БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Сарангo Раднарагча Қазақстанды үш жыл ішінде толық цифрлық мемлекетке айналдыру жөніндегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған стратегиялық міндет ел үшін батыл бағдар екенін атап өтіп, Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл көзқарасты жүзеге асыруға қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
 

«Ұлттық статистика бюросын 105 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Бюро – ТДМ-ды ілгерілету ісінде БҰҰ-ның стратегиялық әріптесі. Көп жылдар бойы агенттіктеріміз әртүрлі бағыттарда тығыз ынтымақтастық орнатып келеді: 2025 жылғы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын дайындау барысында ФАО-мен, гендерлік деректер бойынша БҰҰ-Әйелдер құрылымымен, ұлттық статистикалық жүйелерді бағалау бойынша БҰҰ ЕЭК-пен, Көп көрсеткішті кластерлік зерттеу (MICS) аясында ЮНИСЕФ және ЮНФПА-мен, халық санының болжамы бойынша ЮНФПА-мен жұмыс атқарылды, сондай-ақ 2021 жылы халық және тұрғын үй қоры санағын толықтай қағазсыз форматта өткізуге қолдау көрсетілді. Бұл тек бірнеше мысал ғана. Біздің ынтымақтастығымыз алдағы уақытта да тереңдей беретініне сенімдіміз», – деді ол.


Азия даму банкінің өкілі Утсав Кумар қазіргі өзара байланысқан әлемде орнықты статистикалық жүйелердің маңызы артып келе жатқанын, олардың елдерге ұлттық және жаһандық мақсаттар, соның ішінде Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу барысын өлшеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
 

«Агенттік пен Ұлттық статистика бюросы басшылығы және қызметкерлерінің алғыр әрі стратегиялық көзқарасын ерекше атап өткім келеді. Олар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген Қазақстанның ұлттық даму көрінісіне толық сай келеді. Әсіресе статистика саласына жасанды интеллект пен цифрландыруды енгізу бағытындағы Бюроның ашықтығын атап өткен жөн. Ұлттық статистика бюросының даму серіктестерімен, атап айтқанда АДБ, ЮНИСЕФ және ЮНФПА бірлесіп жүзеге асырған Мульти-индикаторлық кластерлік зерттеу (MICS) аясындағы ынтымақтастығын жоғары бағалаймын. Бұл зерттеу әсерлі нәтижелер көрсетті – үй шаруашылықтарының қамтылу деңгейі 96,3%-ды құрады», – деді У. Кумар.