$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Денсаулық сақтау министрлігінде бірқатар шенеунік жазаланды

06.11.2025ж. 17:36
Денсаулық сақтау министрлігінде бірқатар шенеунік жазаланды

Денсаулық сақтау министрлігі мен оған қарасты ұйымдардың бірқатар басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды,-  деп хабарлайды Astana TV.  

Биыл Жоғары аудиторлық палата Денсаулық сақтау министрлігі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының азаматтарды және медициналық мекемелерді дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету қызметін тексерген.

“Тексеру барысында бірқатар заңбұзушылық пен кемшіліктер анықталып, олардың негізінде Жоғары аудиторлық палата жауапты тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырған”, - делінген Жоғары аудиторлық палатаның хабарламасында.

Нәтижесінде мына тұлғаларға түрлі тәртіптік жаза қолданылған:

  • ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Дәрі-дәрмек саясаты департаментінің директоры;
  • ҚР ДСМ Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту департаментінің директоры;
  • ҚР ДСМ Ғылым және адами ресурстар департаменті директорының орынбасары;
  • «Инфекцияға қарсы препараттардың ғылыми орталығының» директоры;
  • «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» бас директорының орынбасары;
  • «Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар, 2024 жылғы 3 шілдедегі бұйрықпен «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған.

Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палатаның өзге де ұсынымдары мен тапсырмаларын орындау жұмыстары жалғасып жатыр.