$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Препаратты салғаннан кейін өзімді нашар сезіндім",-тұрғын

AstanaTV
06.11.2025ж. 19:00
"Препаратты салғаннан кейін өзімді нашар сезіндім",-тұрғын

Желіде тамырға салынатын дәрумендік жүйе — жасарудың жаңа тәсілі ретінде танымал. Бірақ дәрігерлер мұндай процедуралардың қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды. Белгісіз препараттар сұлулық емес, ауыр дерт әкелуі мүмкін дейді.

АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:

"Сұлулық құрбандықты талап етеді". Осылай деген қыз-келіншектер түрленем деп түрлі тәсілді пайдаланады. Салонға барып, әралуан препаратты бетіне тұрақты салғызатындар бар. Жасарам деп жарнамаға еріп жүргендердің дені  бірақ, оның қайдан шығып, қалай жасалғанына мән де бермейді.

Әлеуметтік желіде косметологиялық орталықтар ағзаға дәруменді көктамыр арқылы енгізетін процедураны — кеңінен жарнамалап жүр. Өзін "косметологпын" деп таныстыратындар  бұл қоспа теріні ағартып, ағзаны жасартады деп сендіреді. Алайда қайсысының құрамы дұрыс, қайсысы қауіпті  тексеріп жатқан ешкім жоқ.  Алматылық Сәуле осы препаратты бірнеше рет қабылдапты. Бірақ нәтиже болмаған, керісінше өзін нашар сезінгенін айтады.

СӘУЛЕ ТҰРСЫНБАЙ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осы капельницаны жұрттың бәрі мақтап жүрген соң менде салдырып көрейін дедім. 10 рет алдым. Әр процедура 20 мың теңге төледім. Мүлде әсері болмады. Керісінше жиі жүрегім айнып, басым айналатын.

Дәрігерлердің айтуынша, мұндай процедураларды сұлулық салондары мен жеке орталықтарда медициналық білімі жоқ адам да жасап жүр. "Антиоксиданттардың әсері уақытша. Оның  артық дозасы ағзаға кері әсер етуі мүмкін" дейді.

МҰРАТ РАХИМБЕРДИЕВ, ДӘРІГЕР-КОСМЕТОЛОГ:

Адам ағзасы әмбебап контейнер емес. Оған әрнәрсені құйып көру дұрыс емес. Егер ағзаңызда бәрі қалыпты болса, сізге глутатион немесе жоғары дозадағы дәрумен енгізсе пайдасы болмайды. Керәсәнше зиян тигізуі мүмкін. Бауырға, бүйрекке салмақ түсіреді. Аллергиялық реакция немесе жасырын қоздыру қаупі бар.

Желі қолданушылары арасында да пікір екіге бөлінген. Бірі жүйенің әсерін байқамағанын жазса, енді бірі оны мүлде қауіпті деп санайды.

Мамандардың айтуынша, ағзаны жасартудың ең сенімді жолы — табиғи әдістер. Спорт, дұрыс тамақтану және ұйқы режимін сақтау кез келген жүйеден тиімді әрі қауіпсіз.Көрікті болуға ұмтылу — әр әйелдің табиғи қалауы. Бірақ сұлулық үшін денсаулықтан айырылмау маңызды.