Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «Мақсатты мектеп» жобасының тоқтатылғанын мәлімдеді,-деп хабарлайды Astana TV.
Министр кей өңірлердегі педагогикалық ұжымдар арасындағы дау-дамайды сынға алды. Биылғы оқу жылының алғашқы тоқсанының аяқталғанына қарамастан, білім беру ұйымдарына әлі күнге дейін басшы тағайындамаған өңірлер де бар. Жұлдыз Сүлейменова әсіресе, шалғайдағы ауылдарға кадр тарту мәселесін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тиімді шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.
«Бүгінде Мемлекет басшысының қолдауымен ел аумағында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы қарқынды жүруде. Ауыл мен қалада білім инфрақұрылымын теңестірген бұл жоба аясында 217 мектеп салынады. Одан бөлек биылғы жылдан бастап күрделі жөндеуді талап ететін нысандарды реновациялау бағдарламасы басталды. Елімізде соңғы жылдары мектеп құрылысы үлкен қарқынмен жүзеге асырылуда. Дегенмен, биылғы жылы құрылыс нысандарының пайдалануға берілу мерзімі кешіктірілген және шалғайдағы ауылдарда білім ошақтары жөндеуді қажет ететін өңірлер де бар. Бұл мәселені жіті бақылауға алуды тапсырамын», - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше басымдық берген министр әсіресе, мектептерде психологиялық қызметтің және педагогтер мен мектеп басшылығының жауапкершілігін күшейту қажеттігін айтты.
Жиын қорытындысы бойынша Жұлдыз Сүлейменова өңірлердегі білім басқармалары мен департамент басшыларына білім сапасын қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шараларын күшейту, педагогтердің құқықтарының бұзылуына жол бермеу, қоғаммен ашық диалогта жұмыс жасау туралы нақты тапсырмалар жүктеді.