OpenAI компаниясының білім беру және мемлекеттік бағдарламалар жөніндегі жетекшісі Кевин Миллс пен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы қазақ тілінде жасанды интеллектінің дәл және сапалы жұмыс істеу әлеуетін арттыруға бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыру жайын талқылады.
Рауан Кенжеханұлының айтуынша, бұл келісімді іске асырудағы негізгі міндет – қазақ тіліндегі деректер қорын көбейтіп, тілдік модельдердің дәлдігін жетілдіру және жүйені ұлттық мәдениет, әдебиет пен тарихқа қатысты мазмұнмен байыту.
- «Қазақ тілі» қоғамының негізгі жұмыс бағыттары қазақша мазмұнды дамыту екенін білесіздер. Осы келісім аясында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ChatGPT-дің қазақ тіліндегі қызметінің мазмұндық сапасын арттыру үшін бірқатар міндеттемелер алады. Біз өз тарапымыздан барынша сапалы цифрлық контент ұсынамыз. Бұл серіктестік – қазақ тілін заманауи технологиялар кеңістігінде дамытуға және жаһандық цифрлық экожүйеде оның орнын айқындайтын маңызды қадам болады деп сенеміз, - дейді ол.
Келісім нәтижесінде мұғалімдерге қазақ тіліндегі оқу бағдарламалары мен сабақ жоспарлары, дәрістер және әдістемелік материалдарды жасанды интеллект құралдарының көмегімен әзірлеуге жаңа мүмкіндіктер ашылады.