Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америка Құрама Штаттарына жасаған сапарының нәтижесінде жалпы құны шамамен 17 млрд АҚШ долларын құрайтын 29 келісімге қол қойылды,-деп хабарлайды Astana TV.
Құжаттар өнеркәсіп, энергетика, цифрландыру, білім беру және инновациялар сияқты негізгі салаларды қамтиды. Бұл келісімдер Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, өзара сенімді нығайтуға бағытталды.
Сапардың басты нәтижелерінің бірі – ҚР Индустрия және құрылыс министрлігі, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «АгромашХолдинг KZ» АҚ, «Eurasia Group AG» және «John Deere» компаниясы арасында жалпы құны 2,5 млрд АҚШ долларын құрайтын стратегиялық келісімге қол қойылуы болды. Құжатқа сәйкес Қостанай және Түркістан қалаларында «John Deere» маркалы 3000-ға дейін ауыл шаруашылығы техникасын шығару, үш сервис орталығын салу, кадрларды даярлау жүйесін дамыту және Қазақстанды ТМД елдеріне арналған қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ететін өңірлік хаб ретінде қалыптастыру көзделген.
Тау-кен өнеркәсібі саласында «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы мен «Cove Capital» компаниясы жалпы құны 1,1 млрд АҚШ долларын құрайтын келісімге қол қойды. Жоба Қарағанды облысындағы әлемдегі ең ірі Солтүстік Катпар және Жоғарғы Қайрақты вольфрам кен орындарын бірлесіп игеруді көздейді. Бұл бастама терең өңдеу қуаттарын құрып, қосылған құны жоғары өнім өндіруге мүмкіндік береді.
Авиация саласында «Air Astana» АҚ және «Boeing» корпорациясы 18 жаңа кең фюзеляжды «Boeing 787-9 Dreamliner» ұшағын жеткізу жөніндегі өзара түсіністік туралы келісімге қол қойды. Бұл компанияға негізгі бағыттар бойынша жолаушылар тасымалдау әлеуетін арттыруға және маршруттық желіні икемді дамытуға мүмкіндік беріп, 2026 жылдан бастап Қазақстанды Еуропа, Азия, АҚШ және Таяу Шығыстың ірі іскерлік және туристік орталықтарымен байланыстыруға жол ашады.
Сонымен қатар ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, «Beeline Қазақстан» және «Starlink» компанияларының қатысуымен үшжақты кездесу өтті. Кездесу барысында «Direct-to-Cell» технологиясын енгізуге бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл серіктестік Қазақстанның бүкіл аумағында, соның ішінде жерүсті байланысы жоқ шалғай өңірлерде де қолжетімді спутниктік байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Зияткерлік мобильділік және экологиялық таза технологиялар саласында Қазақстан «BETA Technologies» және «Joby Aero Inc.» компанияларымен жалпы құны шамамен 300 млн АҚШ долларын құрайтын меморандумдарға қол қойды. Жобалар электр авиациясын, аэротакси және интеллектуалды көлік жүйелерін дамытуға бағытталған.