Tesla акционерлері компанияның негізін қалаушы Илон Маскқа 1 трлн долларға жуық өтемақы төлейтін болды, деп хабарлайды ВВС.
Бейсенбі күні өткен жыл сайынғы жалпы жиналыста Tesla акционерлерінің 75%-ы бұрын-соңды болмаған мөлшерде бонус беру шешімін мақұлдады.
Бұл келісім Илон Маскті алдағы жылдары электромобильдер шығаратын компанияның нарықтық құнын едәуір арттырып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуді міндеттейді. Егер ол келісімшарттағы міндеттерін орындаса, оған тағы жүздеген миллион жаңа Tesla акциялары тарту етіледі.
CNN атап өткендей, ықтимал өтемақы Маскты тарихтағы алғашқы триллионер ете алады. Қазан айының басында кәсіпкер байлығы 500 млрд долларға жеткен алғашқы адам болған еді.
Қазір Tesla-ның нарықтық құны шамамен 1,4 трлн доллар. Маск оны алдағы 10 жыл ішінде 8,5 трлн долларға дейін жеткізуі тиіс. Сондай-ақ ол өзін-өзі басқаратын миллиондаған Tesla Robotaxi көліктерін коммерциялық пайдалануға беруі керек.
- Біздің жасағалы жатқан ісіміз Tesla-ның болашақтағы жаңа тарауы ғана емес, тұтастай жаңа туынды болмақ. Акционерлердің басқа жиналыстары іш пыстырарлықтай болса, бізде қызықты іс-шаралар болады, - деді Маск Остиндегі жиында.
Бекітілген келісім Маскті Tesla компаниясында кем дегенде 7,5 жыл жұмыс істеуіне бағытталған. Бұл оған компаниядағы үлесін 12-ден 25%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Маск бұған дейін Tesla-ға болашақта шексіз өсе беретін компания деп баға берді. Егер ол автономды жүргізу технологиялары мен жасанды интеллект жоспарларын жүзеге асырса, Tesla әлемдегі ең қымбат компания болатынын айтты.
Маск өз үлесі компанияның болашағын айқындай алатындай мөлшерде ұлғайтылмаса, Tesla-дан кетуі немесе басшылықта екінші орынға ығысуы мүмкін екенін тұспалдап айтқан еді.
Tesla-ның ірі инвесторлары, соның ішінде АҚШ-тық CalPERS пен Норвегияның әлемдегі ең ірі мемлекеттік зейнетақы қорлары Илон Маскқа бұндай үлкен сомада өтемақы төлеуге қарсы болған.