Шымкентте 6 жасар баланың өліміне қатысы бар деп айыпталған кәсіпкер 1,6 жылға сотталды. Сот дерегінше, ол басқаратын серіктестік Тұран ықшам ауданында ағын су өтетін құбыр жүргізу мақсатында траншея қазған. Алайда суға толған шұңқыр айналасына қоршау қойылмаған. Тіпті қауіпсіздік белгілері де болмапты. Соның салдарынан 1-сыныптың оқушысы қаза тапты.
НҰРСҰЛТАН МЫҢБАТЫРОВ, СУДЬЯ:
Сот үкім етті. Тастанбеков Нұржан Оналбекович Қылмыстық кодекстің 279-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны бойынша кінәлі деп танылсын. Оған 2 жыл мерзімге құрылысқа байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.
Сот сотталушыға рақымшылық заңын қолданды. Сондықтан оның жазасы 1 жыл 6 ай мерзімге қысқарды. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша төмен түзеу мекемесінде өтейді. Сонымен қоса сот соталушыны марқұм баланың анасына моралдық шығын ретінде 10 миллион теңге, оның қорғаушысының еңбекақысы ретінде 1 миллион теңге өтеуге міндеттеді. Бұған дейін үй қамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған 44 жастағы кәсіпкер сот салынан қамауға алынды. Алайда сотта кінәсін мойындамаған ол үкіммен келіспейтінін мәлімдеді. Ал жәбірленуші тарап айыпталушыға кешірім бермегенімен үкіммен келісіп отыр.
ШЫНАР ЕРМЕКОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ АДВОКАТЫ:
Біз сот заңды әрі әділ үкім шығарды деп есептейміз. Бұл жағдай барлық құрылыс компанияларының басшыларына сабақ болады деп ойлаймыз. Үкіммен келісеміз. Апелляциялық шағым түсірмейміз.