ChatGPT енді медициналық және қаржылық кеңес бермейді. OpenAI өнімдерін пайдалану саясатына өзгерістер енгізді. Жаңа ережелер жеке деректерді қорғауды да қарастырады, қызметтерді адамдардың келісімінсіз олардың бейнелерін немесе дауыстарын, соның ішінде шынайы портреттерді жасау үшін пайдалануға тыйым салынады. Толығырақ Үсен Астананың бейнесюжетінде.
ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:
Сәлем, жасанды интеллект, менің басым ауырып тұр, қандай дәрі ішсем болады? Жасанды интеллект міне, маған кез келгеннің үйінен табылатын дәрілердің тізімін жазып берді, арасында дәріханаларда дәрігердің рұқсатымен ғана сатылатын препараттар да бар.
Дертіне дауа сұрап дәрігердің табалдырығын тоздырғандар, қазір үйінде жатып жасанды интеллектке жүгінгенді жөн көреді. Бірақ, бұл қаншалықты қауіпсіз? Оны ешкім ескеріп жатқан жоқ.
БОТА МҰСА, IT МАМАНЫ:
Менің ойымша чат джипитидің енгізген кезекті шектеулері дұрыс болды. Өйткені адамдар әлі жасанды интеллектке нені бөлісіп нені айтуға болмайтынын білмейді. Жасанды интеллект болашақтың көмекшісі. Ол алдағы уақытта дәрігерлердің жұмысын жеңілдететін көмекші болуы керек.
Күніне миллиондаған адам жасанды интеллектен денсаулығына қатысты сауал жолдайтын көрінеді. Тіпті айтқанын жасайды. Дәрігердің өзі дертіңді анықтау үшін түрлі тексеріс жасап диагноз қойса, қалай ғана тағдырыңды телефондағы көмекшіге тапсырасың.
АСҚАР АРҒЫНБАЕВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ ЭЛЕКТРОНДЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Азаматтарымыз жасанды интеллект технологиясы арқылы ұсынылатын мәліметтерді көз жұма пайдаланбай ондағы жауапкершілікті ескере кетуі керек. Себебі ондағы ұсыныстар қандай алгоритіммен жасалғаны белгісіз сондықтан пайдаланар алдында сол жауапкершілікті ескеру керек.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде әзірге жасанды интеллектен көмек сұрап дәрі алып, ауырған адам жоқ. Білікті маманның біліміне сеніп, дәрігерге барып қаралған жөн. Жасанды интеллектке не болса соны айтуға болмайды,-дейді мамандар.
ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:
Заман дамып жатқанмен мынаны аңғар, мейірімнен жұрдай боп жүр адамдар.
Жақынымен сырласып, ішіндегісін бөлісе алмайтын жандар, мейірім махаббатты жасанды интеллектен іздеп жүр, басында болып жатқанын бүге шүгесіз интернетке айтқан адамдар тіпті ажал құшып жатқан жайттарда жоқ емес. Сондықтан жақыныңызға жылу сыйлап, жасанды желіге көңілін бұрғызбаңыз.