Кеше Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының VIII құрылтайы жаңа Бас мүфти сайлады. Ержан қажы Малғажыұлының орнына наиб-мүфти Серікбай қажы Ораз келді. 20 жылдан астам осы салада жүрген азамат. Көп оқу оқыған – Тәшкендегі медресе, Египеттегі әл-Азхар университеті, Исламабадтағы әлемдік университет, Абай атындағы мемлекеттік университет, «Нұр Мүбәрак» университеті, Қостанай инженер-экономикалық университетінде білім алған. Жеті баласы бар.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының есебінше, 940 адам радикалды райынан қайтқан. Сонымен бірге соңғы уақытта «терроризмді насихаттады» және «діни алауыздықты қоздырды» деген күдікпен ұсталатындар көбейді. Жақында ОҚО Сайрам ауданында сондай күдікпен бір мезетте 10 адам қамалды. «Білмедік, білсек «қой» дейтін едік» деді, біздің тілшімізге, ұсталғандардың бірінің әкесі. Ұсталған 10 адамның тағы бірі - молда... Айзада Төребекқызының материалы.
-Вахабистер деп есіттік енді, білмейміз біз енді, кім екенін оларды.
-Танитындарым бар, ауыл жақтан, өзіміздің үй жақтан соседтерім.
-Запрещенный сайтқа кірген дей ме ...
Елдің аузында жүрген әңгіме осы. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сайрам ауданында бірден он адамды ұстап әкетті. Елдің білуінше қамалғандардың бәрі де аузында Алласы, қолында тәспісі барлар. Тіпті арасындағы біреуі «имам» көрінеді.
Айзада Төребекқызы, тілші:
«Терроризмді насихаттады», «діни алауыздықты қоздырды» деген күдікпен ұсталғандардың бірі Қарабұлақ ауылының тұрғыны Фарух Юлдашев. 24 жастағы жігіт ауыл шетіндегі мына шағын ғана мешіттің имамы болыпты. Ата-анасының айтуынша, діни сауаты бар болғандықтан Фарухты осыдан екі жыл бұрын жергілікті жамағат «имам» етіп сайлаған көрінеді.
Күдікке іліккен Фарух есімді жігіт Назокат пен Рахымжан Юлдашевтардың төртінші перзенті.
Назокат Юлдашева, күдіктінің анасы:
Тек қана намаз. Біреуге жамандық қылмайды. Біреуден ұрламаған, ұрлық қылмаған. Біреуге жаман сөйлемейтін еді.
16-қарашаны бұл отбасы жуық арада ұмытпас, сірә. Таңғы алтыда қақпаны қаққан ҰҚК-нің өкілдері бастаған арнайы топ ұлының қолына кісен салып, үй ішінде екі сағат тінту жүргізіпті. Ұлының телефоны мен діни кітаптарды алып кеткен. Әкесінің айтуынша, Фарухтың мектептегі үлгерімі онша болмағанмен, өз бетінше арабша хат танып, құран жаттауға деген ықыласы жоғары болыпты. Ауыл имамынан дәріс алған баласының намазға жығылғанына алтыншы жылға аяқ басыпты.
Рахымжан Юлдашев, күдіктінің әкесі:
Көпшіліктің айтып жатқаны «запрещенный сайтларға кіріп қойған» - дейді. Оны біз де білмедік қой. Білген кезде «қой» дейтін едік қой... Біз білмедік оны.
Назокат Юлдашева, күдіктінің анасы:
Тура жолда намаз оқып жүрген, не екенін білмесе керек деп ойлаймын өзім. Әлі кішкентай бала. -Алданып қалды деп ойлайсыз ба? – Алданып қалды ма, білмейміз ғой...
Сайрам ауданындағы Қарабұлақтан ұсталғандардың тағы бірі Ғұлам Пәрпиевтің 31 жастағы ұлы. Алпысты алқымдаған азамат, үш аптадан бері әкесін сағынып, іздеген немерелерін «әкелерің іс-сапарда» деп алдандырып жүр екен. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын ол, Жаратқаннан ұлының ақталып, отбасына оралуын тілеп жүр.
Ғұлам Пәрпиев, күдіктінің әкесі:
Өзім сұраймын осы балдарға жеңілдік қылып шығарып жіберсе, кешірім болса... Мейлі, бір қателік қылыпты. Ондай қылмайды деп мен өзім үміттенемін де... Бәрі жас балдар. Бала-шағасын бағу керек.
ҚР ҰҚК Баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ұсталғандар «Whatsapp», «Telegram» мессенджерлерінде және интернет әлеуметтік желілерінде «ДАИШ» және басқа да халықаралық террористік ұйымдардың экстремистік идеологиясын насихаттайтын материалдарды жүйелі түрде таратқан.
Экстремистік материалдар жалпы саны 400-ден астам қатысушысы бар 24 желілік қоғамдастыққа орналастырылған.
Күдікке іліккен 10 адам сот қаулысымен екі ай мерзімге уақытша қамалды. «Терроризмді насихаттау» және «Діни алауыздықты немесе ұлттық нәсілдік мәселелерін қоздыру» баптарымен.
Уақытша қамауға алынғандардың бірі 19 жастағы студент. Ең үлкенінің жасы елуде. Айта кетейік, әу баста операция кезінде ұсталғандар 11 адам екені айтылған-ды. Прокуратураның дерегінше, ұсталғандардың бірі кәмелет жасына толмаған. Сол себепті қамауға алынбаған. Оған әл-әзір айып тағылмапты. Судьяның сөзінше ұсталғандардың бәрі де тыйым салынған бейнежазбаларды таратудың қылмыс екенін білмегендерін айтыпты. Бірақ бұл жазадан құтқармақ емес.
Ғани Байарыстан, Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының судьясы:
Бейнероликтерді басқа азаматтарға жолдаған кезде ол қылмыс екенін түсінбеген, ұғынбаған. Енді заңға сәйкес заңды білмеген қылмыстық жауаптан босатпайды.
Судья Ғани Байарыстанның айутынша аталған екі баппен күдікті деп танылғандардың ісі «ауыр қылмыстар» санатына жатады. 5 жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру жазалары көзделген.
Дінтанушылар уағыздағы бір ауыз сөз адамның психологиясын өзгертіп жіберуі мүмкін екенін айтады.
Мұсабек Ақтанберді, ОҚО имамының орынбасары:
Бейнероликтер болсын, болмаса тағы басқа ақпарат болсын, оның ақ-қарасын жалпы жастардың көбісі ажыратып біле алмайды. Дегенмен соларға арада бір адамның кіріп кетуінен, сондай ақпаратты таратуымен басқалардың да санасын улап кете алатын жағдайлар жоқ емес, бар.
Медет Халықов, дінтанушы:
Олардан негізгі келетін қауіп бізге сақалынан не болмаса қысқартылған балақтарынан емес, бізге олардан келетін қаупі ол ұлттық идеологияға төнетін қауіп. Неге? Өйткені сол сақал қойған, балақ кескен азаматтар басым көпшілігінде саналарында ұлтқа деген сүйіспеншілік, Отанға деген сүйіспеншілік жоқ. Бұны неден байқауға болады? Олар кез келген халықтың, соның ішінде қазақ халқының салт-дәстүрлеріне, тарихына, мәдениетіне өте қарама -қарсы іс-әрекет жасайды десек біз қателеспегеніміз болады.
Айтпақшы, ұсталғандардың бірі «имам» болғанын жаңа айтқанмын. Сонда имамдарды тағайындау қалай жүргізіледі?
Мұсабек Ақтанберді, ОҚО имамының орынбасары:
Бүкіл Қазақстан республикасы бойынша алыс елді-мекендердегі имамдардан бастап қала, аудан, облыс имамдарының баршасын ҚМДБ төрағасы бас мүфти бекітіп, тағайындайды. Діни білімі және діни көзқарасы сонымен қатар қазіргі қоғамдағы болып жатқан жағдайларға белсенділігі зерделеніп, сол жерге имам қылып, болмаса молда қылып, ұстаз қылып тағы тағы басқа да діни қызметкер етіп бекітеді.
Дегенмен әлгі жігіттің қалай «имам» атанғанынан хабарсыз. Соған қарағанда мұсылмандар діни басқармасының есебіне кірмеген кішігірім мешіттер бар болғаны. Ал оларды кім бақылайды? Діни басқармаға қарамайтын құлшылық ететін орынды әкімдік қадағалауы керек ғой?! Бірақ біз сөз етіп отырған мекеннің мемлекеттік акт-сі жоқ екен де, аудандық әкімдіктің тіркеуінде де жоқ болып шықты... Бұл жайт тағы бір салмақты проблеманың құлағын қылтитады.
Жалпы, бір әттеген-айы, адасушылар әлі де аз емес. Бейнероликтерді білмей таратудың өзі түрмеге отырғызып жатқаны сабақ бола алмай тұр.
Медет Халықов, дінтанушы:
Түр келбетін көрсетпеген уағызшылардың уағызын тыңдауға біздің елде болмайды негізінде. Енді оған заңмен тыйым салынбаған. Дегенмен өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін, белгілі бір рұқсаты жоқ азаматтардың уағызын тыңдауға болмайды.
Айзада Төребекқызы, Серік Талас «Біздің уақыт».