Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Freedom Holding Corp. егеменді экзафлопстық NVIDIA инфрақұрылымы және таланттарды дамыту бағдарламалары негізінде Қазақстан мен Орталық Азияның жасанды интеллект саласындағы көшбасшылығын нығайтуға қатысты жоспарларын жариялады,-деп хабарлайды Astana TV.
Бастамаға сәйкес жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Оның аясында Қазақстанның тәуелсіз ЖИ-хабы құрылады. Оны Freedom Holding Corp. басқарып, NVIDIA-ның озық есептеуіш технологияларымен жабдықталады. Министрлік өз тарапынан ауқымды AI-инфрақұрылымды орналастыру мен пайдалануға қолайлы жағдай жасайды, сондай-ақ инженерлер мен ғалымдарды даярлауға арналған ЖИ академиясы мен ғылыми-зерттеу зертханасын құру сынды бастамаларды қолдайды.
Жобаға 2 миллиард доллар инвестиция тарту жоспарланып отыр. Ол қуаттылығы 100 МВт болатын қолжетімді энергиямен Қазақстан аумағында жүзеге асырылады. Freedom Holding Corp. жобаның негізгі инвесторы және операторы болуды жоспарлап отыр.
Серіктестік Қазақстан мен Орталық Азияның қарқынды дамып келе жатқан цифрлық экономикасы үшін қажетті ЖИ-экожүйесін дамытуға, инновацияларды ілгерілетуге және кадрларды даярлауға деген ортақ ұмтылысын көрсетеді.
«NVIDIA компаниясымен ынтымақтастық - Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы ұлттық стратегиясын жүзеге асырудағы маңызды қадам. Біз тәуелсіз AI-экожүйесінің іргетасын қалыптастырып жатырмыз. Бұл экономикамызды нығайтып, бәсекеге қабілеттілікті арттырады, бүкіл өңір үшін жаңа мүмкіндіктерді ашады», - деді Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
«Қазақстанның әлемдік жасанды интеллект нарығындағы позициясын нығайтуға бағытталған осы ауқымды бастаманың бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз. Біздің тәжірибемізді NVIDIA-ның озық технологияларымен және Министрліктің стратегиялық көзқарасымен біріктіре отырып, жасанды интеллект саласындағы инновациялардың дамуы мен саланы Орталық Азия өңірінде дамытуға атсалысамыз», - деп мәлімдеді Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов.