$516.01 €582.47 ₽6.26
×

«Жұмақ» іздеп, тозаққа түскен. Сирияда болған келіншектің әңгімесі.

AstanaTV
09.12.2017ж. 20:00
3533
«Жұмақ» іздеп, тозаққа түскен. Сирияда болған келіншектің әңгімесі.

Жақында Оралдық келіншектің Шешенстан арқылы Сириядан елге оралғаны хабарланған. Оның 4 баласы бар, кенжесі 3 айлық... Айтуынша, кезінде шетелдік азаматқа күйеуге тиіп, ақыры Сириядан бір-ақ шыққан. Күйеуі ДАИШ террорлық ұйымының құрамында болған сияқты. Келіншек, «жұмақ» іздеген өмірінің тозақ болғанын баяндайды. Айта кететіні, ол жазаланбайды, себебі соғысқа қатыспаған, теріс ағымның құрбаны деп танылған. Осы аптада Ресейдің бас штабы Сирия ДАИШ терроршыларынан азат етілді деген хабар таратты. Жерлестің балаларының әкесі не істеді екен?.. Меншікті тілшіміз Еркін Кариннің анықтағаны.

Соғыс сойқанын көзбен көрген келіншек аты-жөнін айтудан, бет жүзін көрсетуден бас тартты. Бірақ әдепкі ұстанымынан бас тартпаған: басынан орамалын тастамай, мәзхабы бөлек болса да, намазын қаза қылмайды. Айтуынша, 2011-жылы дағыстандық, ұлты авар жігітпен ғаламтор арқылы танысады. Ол сері «Пәкістанға келсең, мен саған үйленемін», - депті. Сезімге шекара бөгет болған ба? Түркиядан Иранға, одан Пәкістандағы Уәзірстанға жеткен қыз «ғашығына» тұрмысқа шығады.

Сириядан оралған әйел:

- Ана жақта жағдай қиын. Олардың көрсеткен видеоларында бәрі жақсы, күшті, бомбаламайды деген. Барғанда бәрі олай емес. Ауруханада бәрі лас, антисанитария. Дәрігерлер жоқ. Олардың мамандықтары да жоқ, надан адамдар. Бүгін олар еден жуушы, ал ертең дәрігер боп отырады. Ақша үшін жүргендер.

Осылайша әйел затын адамға санамайтын, өркениеттен жұрдай қышлақта 1 жылдай тұрады. Төбеден жауған бомбаның астында тұңғышын өмірге әкеледі. Кейін Сирияда халифат жарияланғанда сеніп, сонда аттанады. Бірақ ол сенімінің де быт-шыты шығады. Күйеуінен айрылып қала жаздап, балаларымен қатты тарығады. Қазір де күйеуінен хабар жоқ. Ол Ресей азаматы болғасын, біздегі органдар «бас ауырта» қоймаған.

Сириядан оралған әйел:

Ер адамдарды бірден соғысқа жібереді. Пушечное мясо! Келгеніне бір-екі ай болғанда әскери дайындықтан өтеді. Сосын әскери аймаққа жібереді. Содан кейін ер адам жоқ. Өліп қалды деген хабар келеді. Ештеме етпес, әлі талайы келеді деп отырады. Мұндағы Халифат дұрыс екен деп айтпасаң, олар сені түбі өлтіріп тастайды, түрмеде. Оны ешкім білмейді. Өздері подвалда өлтіріп тастайды.

Келіншек 3 жылдай содырлардың қол астында болады. Көргенін естісең, шошисың.

Сириядан оралған әйел:

Күйеуі болмаса да қиын. Күйеуі өлген келіншектерді бір үйге бәрін қамайды. Кішкентай бір бөлмеде 15 адамға дейін тұруы мүмкін балаларымен. Күйеуге шықпасаң, артынан ешкім қарамайды да, келмейді. Күйеуге шық, күйеуге шық деп есіңді тандырады. Сондықтан андағы келіншектер амалсыздан күйеуге шығады. Күйеулері қайтып әкеліп тастайды, содан төрт ай күтіп қайта шығады, амалсыздан.

Отандасымыз қылмыстық жазаға тартылмайды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті оның қарулы қақтығысқа қатыспағанын анықтап, теріс ағымның құрбаны деп шешкен. Алты жылдан бері көрмеген ата-анасымен қауышқан келіншек қазір жат жерде дүниеге келген балаларының құжаттарын реттеп жатыр. Төрт «жиеннің» кенжесі осыдан үш ай бұрын өмірге келіпті.

Саялбек Ғиззатов БҚО дін істері басқармасының басшысы:

Бұл оқиға шынымен де діни сауатсыздықтың бар екенін көрсетіп отыр. Екіншіден, саяси сауаттылықтың да жетіспейтінін айту керек. ИГИЛ сияқты террористік ұйымдар, оның қатарында жүрген псевдосалафиттік ұйымдар діни сауатсыздықты толық пайдаланып отыр.

Еркін Карин, тілші: 

Сауатсыздықты теріс пиғылдылар барынша пайдаланып-ақ жатыр. Өйткені жұмақ өмірді уәде еткен уағызды тыңдап, сөзі өтімді ұстаздардың шырмауына түскендердің тордан шығуы қиын. Иландырар идеологияның әлсіздігі, мүмкін жоқтығы, жағдайды ушықтырып отыр.

Осыдан екі жыл бұрын арбаға таңылған оралдық бір мүгедек соғыс боп жатқан жердегі «бауырларына» көмектесуге жолға шығады. Тіпті бұл сапарына досын келіншегімен бірге ертіп әкетіпті. Бірақ құзырлы органдар оларды қыр асырмады. Қазір жазасын өтеп жатыр.

Раиса Байдалиева, психолог:

Жалпы адам өмірде өзін-өзі іздейді. Өзін мойындатар бірдеме істегісі келеді. Тұрмыс түйткілі тағы бар. Осыған басы қатып жүргенде қалай азғыруға түскенін білмей де қалады. Бірақ көбіне бұл жағдайда шегінуге жол жоқ.

Бүгінге дейін қанша оралдықтың Сирияға соғысқа кеткені белгісіз. Өйткені бұл – құпия ақпарат. Ал былтырғы мәліметтер бойынша 150-дей қазақстандық қолына қару алып, шетелдегі террористік топтарға қосылған. Бұл аздай олармен бірге 200-ге тарта әйел, бала-шаға, жетім-жесір бар.

Жәнібек Айманов, БҚО прокуратурасының басқарма басшысы:

Биыл экстремизмге қатысты 14 қылмыстық іс қаралып, 23 адамға үкім шықты. Олар террористік ұйымдарды қаржыландыру, лаңкестік ұйым құрып, оған басшылық ету деректері бойынша айыпталып, бас бостандығынан айрылды.

Қарулы жиһадқа шақырғандармен салыстырғанда, өз ісін үнсіз жүргізіп,  талай қазақты қатарына қосқан өзге діни секталар бейбіт ұстанымда сияқты. Бірақ олар ұзақ уақыттан кейін баяу жарылатын бомба іспетті. Абайламасаң – қай-қайсысы да аямайды.

Сириядан оралған әйел:

Келгісі келіп отырған, сондай оймен жүрген, Халифат деп сеніп отырған мұсылмандарға айтарым -  сенбеңіздер, ол ешқандай халифат емес. Ешқандай халифат жоқ. Халиф деген адам жоқ, ол баяғыда қашып кеткен ақшаны алып.

Еркін Карин, Наурыз Халит «Біздің уақыт».