Түркияның әйгілі «Галатасарай» футбол клубы «Интер Майамидің» аргентиналық ардагер шабуылшы Лионель Мессиді қатарына қосуды көздеп отыр,- деп хабарлайды Astana TV 1Бол!-ға сілтеме жасап.
Дереккөздің мәліметінше, стамбұлдық клуб АҚШ-тағы маусымаралық уақытта Мессиді жалға алмақшы. Жалға алу мерзімі 4 айды құрайды.
Қазіргі таңда MLS лигасында плей-офф кезеңі болып жатыр, ол желтоқсан айының басына дейін жалғасады. Мұнан кейін 38 жастағы Месси командаластарымен бірге ұзақ уақытқа – келер жылдың наурызына дейін демалысқа кетеді.
Айта кету керек, аргентиналық шабуылшы 2026 жылғы әлем чемпионатына ұлттық құраманы бастап барады деп күтілуде. Сол уақытқа дейін бабын жоғалтып алмауы үшін ол Түркияға келіп ойнауға келісімін беруі мүмкін. «Галатасарай» басшылығы да ол үшін аянып қалмайды.
MLS-тегі соңғы маусымда Месси барлығы 41 матч өткізіп, 38 гол соқты және 16 нәтижелі пас берді.