$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қытайдың Xi’an Jiaotong University жанынан «Шәкәрім» мәдени зерттеулер орталығы ашылды

10.11.2025ж. 10:00
Қытайдың Xi’an Jiaotong University жанынан «Шәкәрім» мәдени зерттеулер орталығы ашылды

Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-инновациялық серіктестік жаңа кезеңге қадам басты. Қытайдың Сиань Цзяотун университетінде «Бір белдеу – бір жол» бастамасының озық ғылыми-технологиялық жетістіктерімен алмасу жөніндегі халықаралық конференция ұйымдастырылды.

Конференция аясында Сиань Цзяотун университеті тарапынан Шәкәрім университетіне «Электрлік автоматтандыру жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен зертханасына» арналған жабдықтардың алғашқы партиясын беру туралы естелік сертификат табыс етілді. Сондай-ақ «Шәкәрім» Қазақ-Қытай мәдени зерттеулер орталығының салтанатты ашылуы өтті.

ҚР ресми делегациясын ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова мен Shakarim University ректоры Думан Орынбеков бастап барды. Бірлескен зертхана ашу жөніндегі келісімге 2025 жылғы 16 маусымда Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумы аясында қол қойылған болатын.  

Жаңадан құрылатын зертхана екі ел арасындағы технология алмасу мен өндірістік серіктестікті дамытуда маңызды рөл атқарып, ғылыми жаңалықтарға негізделген ортақ экономикалық тізбектің дамуын жылдамдатады. Жобаның негізгі мақсаты – өңірдегі инновацияларды дамыту, өндірісті жаңарту және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту.

Сондай-ақ зертхана логистика саласындағы жаңа технологияларды зерттеу мен дамытуға бағытталады. Мұнда автоматтандыру, ақылды логистика жүйелері мен логистикалық саланы жетілдіруге арналған арнайы платформа құрылады. Ол толықтай Абай облысының өңірлік инновациялық платформасына интеграцияланып, қазақстандық инженерлік ғылымның жаңа тынысын ашады деп күтіліп отыр.

«Бұл зертхана – идеядан нақты іске айналған серіктестіктің айқын нәтижесі. Ғылым мен технология саласындағы осындай ынтымақтастық – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың инновациялық даму және интеллектуалды ұлт қалыптастыру стратегиясымен үндес», – деп атап өтті вице-министр.

Кездесудің басты оқиғасы Сиань Цзяотун университетінің жанынан «Шәкәрім» Қазақ-Қытай мәдени зерттеулер орталығының ашылуы болды. Бұл – ұлы ойшылдың шығармашылығы мен философиясына арналған шетелдегі тұңғыш институционалды орталық. Халықаралық деңгейде ашылып отырған орталықтың негізгі міндеті – Қазақстанның тарихы мен мәдениетін, соның ішінде Шәкәрім мұрасын терең зерделеу, сондай-ақ бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын іске асырудағы өзара тиімді платформаны қалыптастыру, қазақ мәдениетін Қытайда кеңінен таныстыру, екі ел арасындағы мәдени және ғылыми байланыстарды нығайту.

Орталық ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен, Шәкәрім университеті мен Сиань Цзяотун университетінің серіктестігінің нәтижесінде ашылып отыр. Келушілер орталықтан Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен мол мұрасы туралы қазақ және қытай тілдерінде толық ақпарат ала алады. Сонымен қатар қазақ халқының ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі мәдени даму кезеңдері туралы материалдар ұсынылады.

Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков Xi’an Jiaotong University президенті Чжан Лицюньге және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне екі елдің академиялық және мәдени бастамаларын сенімге, ғылыми прогреске және өзара дамуға негізделген бірыңғай стратегияға біріктіргені үшін шынайы алғыс білдірді.

«Шәкәрім» Қазақ-Қытай мәдени зерттеулер орталығының ашылуы – ерекше мәнге ие тарихи қадам. Біздің университет қазақ ойшылы Шәкәрімнің атында. Сондықтан орталықтың ашылуы біз үшін үлкен жетістік деп білемін. Шәкәрім университеті мен Xi’an Jiaotong University арасындағы серіктестік мәдениеттер мен ұрпақтарды біріктіретін сенім мен достық кеңістігін қалыптастырады. Осы орталықты ашуға қызмет жасаған екі университет қызметкерлеріне рақмет айтамын. Бұл орталық ғылыми-мәдени жағынан екі елдің жетістіктерін насихаттауға қызмет атқаратынына сенімдімін», – деді ол.