"Демократиялық партия қайта оралды. Трамптың әлі сазайын тарттырамыз". АҚШ-тың бұрынғы Президенті Джо Байден осылай деді. Небраскада жақтастарының алдында сөз сөйлеген Байден қазіргі Ақ үй басшысын қатаң сынға алып, ол барлық америкалықтардың күл-талқанын шығарайын деп жатқанын айтты. Бірақ, Трамп бейбітшілікке қосқан үлесі үшін Нобель сыйлығын ала алмаса да, дәл сондай марапатты ФИФА-дан алмақшы. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Қазіргі Ақ үйдің сыртқы келбетіне қарап-ақ, Трамптың қандай оңбаған екенін көруге болады. Бұл туралы бұрынғы АҚШ Президенті Джо Байден мәлімдеді. Оның айтуынша, алдағы 4 жылда барлық америкалық отбасы Трамптан зардап шегеді. Сондықтан, демократиялық партия жақтастарын бірігіп, Трампқа тоқтау қоюға шақырды.
ДЖО БАЙДЕН, АҚШ-ТЫҢ БҰРЫНҒЫ ПРЕЗИДЕНТІ:
Демократиялық партия оралады. Біз Трамптың Американы құртып, өміріміздің быт-шытын шығарғанына қол қусырып қарап отыра алмаймыз. Негізі Трамп бізге жұмыс істеуі керек. Біз оған емес. Қартайған шағымда осындай сұмдықты көремін деп ойламаппын. Талай АҚШ Президенті отырған Ақ үйдің шығыс бөлігін бірер айда жоқ қылды. Осылай жалғаса берсе,ұзаққа шыдамаймыз.
Байден, сонымен қатар, денсаулық сақтау саласының проблемасын да қозғады. Айта кетейік, алдыңғы АҚШ басшысы қатерлі дертке шалдығып, ем алып жатыр.
ДЖО БАЙДЕН, АҚШ-ТЫҢ БҰРЫНҒЫ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қатерлі ісікті зерттеп, оның емдеу жолдарын іздеп жатқан дәрігерлерге тоқтамай сағаттап, алғыс айтсақ та жарасады. Мен оны өз басымнан өткеріп жатырмын. Бірақ, дәл осы біз тұрған Небраска штатында биылдың өзінде 300 аурухананың жабылатынын естігенде жүрегім қайтты ауырды. Енді науқастар қайда барады. Дәрігерлер нандарын қалай тауып жейді. Осының барлығы Трамптың кесірі.
Ал Трамп бейбітшілік үшін Нобель сыйлығын ала алмағанымен, ФИФА-дан алмақшы. ФИФА дәл сондай марапатты жыл сайын табыстауды жоспарлап отыр. Алайда, Джанни Инфантино нақты Трампқа берілетіні туралы сұраққа жауап беруден бас тартты.
ДЖАННИ ИНФАНТИНО, ФИФА ПРЕЗИДЕНТІ:
5-і желтоқсан бірінші рет біз ФИФА Бейбітшілік премиясын табыстамақпыз. Біз де басты футбол ұйымы ретінде бейбітшілік үшін еңбек етіп жүрген адамдардың еңбегін елеуіміз керек. Бұл рәсімді 1 млрд адам тікелей эфирде көреді деп жоспарлап отырмыз.
Трамп наразы жұрттың ысқырығының астында қалды. АҚШ Президенті американдық футбол маусымының ашылу матчына барған еді. Бірақ, Вашингтон Коммандерс пен Дэтройт Лайонс арасындағы кездесуде жұрт Ақ үй басшысына деген наразылығын жасыра алмады.