Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары қарсаңында «Российская газета» басылымында «Вечная дружба – путеводная звезда для наших народов» атты мақаласы жарық көрді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев авторлық мақаласында Қазақстан мен Ресей -сапалы әрі мазмұнды стратегиялық әріптестік пен одақтастық құра алған елдер екенін атап өтеді. Мұндай ынтымаққа екі халықтың қазіргідей турбулентті, болжап болмайтын кезеңді бірлесіп еңсеруге деген саналы ұмтылысы негіз болып тұр дейді.
- Басқаша айтқанда, мәңгілік достық - екі мемлекет пен оның халқы үшін темірқазық. Екі елдің қарым-қатынасы үнемі жетіліп келе жатқанымен, тұрақтылығымен ерекшеленеді. Өйткені байланыстарымыз терең сенімге, құрмет пен теңдікке негізделген. Халықтарымыздың болашағы алдындағы өзара жауапкершілік екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібінде тұрған бүкіл мәселелерінің шешімін табуға мүмкіндік береді. Менің түсінігімше, Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық әріптестігі мен одақтастығы еуразиялық қауіпсіздік жүйесін құрудың аса маңызды факторы болып отыр, - деп жазады Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Астана мен Мәскеудің қарым-қатынасы жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне көшіп жатқанын атап өтеді.
-Екіжақты ынтымақтастықтың барша жетістіктері президент Владимир Владимирович Путиннің осы бағыттағы жігерлі, өнімді қызметімен тығыз байланысты. Қазақстанда ол жаһандық ауқымдағы мемлекет қайраткері ретінде қалтқысыз құрметке ие. Оның есімі әлемнің талай еліндегі саясаткерлер мен қарапайым адамдардың аузынан түспейді, -дейді Мемлекет басшысы.
Президент екі елдің шекарасы туралы шарттың бекітілгеніне 20 жыл толғанын еске салды.
-Аты аңызға айналған Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдық мерейтойы екі елді біріктіретін тағы бір маңызды кезең болды. Бұл кешен ғарышкерліктің әлемдік бесігі және сана ұлылығының символы болып саналады, -деді Президент.
Байқоңыр ондаған жыл бойы ғылыми-техникалық прогресс пен болашаққа ұмтылысты бейнелейтін өзара стратегиялық әріптестіктің берік буыны болып отыр.
- Біз 2005 жылдың18 қаңтарындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шарттың бекітілгеніне 20 жыл толғанына үлкен мән береміз. Құжат - екі елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын өзара мойындаудың мызғымас құқықтық негізі. Әлемдегі ең ұзын үзіксіз құрлық шекарасын Достық белдеуі деп атауға толық құқықтық негіз бар.
Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумын жыл сайын өткізуі тегіс байланыстардың бүкіл кешенін дамытуға елеулі үлес қосатыны сөзсіз. Бұл формат жиырма жылдан астам уақыт ішінде екіжақты қатынастарды нығайтудың тиімді алаңы ретінде қалыптасты, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.