Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Мәлік Олжабеков Үімет отырысында геология саласын цифландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Ол цифрлық трансформация шеңберінде жер қойнауын пайдалану саласындағы бизнес-процестердің реинжинирингі өткізілгенін атап өтті. Соның ішінде геологиялық және тау-кен телімдерін бөлу құжаттарын беру және қайта ресімдеу үдерістері жетілдірілген.
«Бұрын өтінімдер қағаз түрінде, азаматтардың өздері келіп тапсырған кезде қабылданатын. Мемлекеттік органдардың қызметкерлері басқа ведомстволардың деректерін қолмен тексеріп, салыстыратын, соның салдарынан ақпараттар қайталанып, орындау мерзімдері созылып кететін. Мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграция және деректерді автоматты тексеру тетіктері болған жоқ.
Қазіргі уақытта бұл процесс толықтай автоматтандырылды және minerals.e-qazyna.kz бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасы арқылы жүзеге асырылады. Біз қағаз құжат айналымынан интеграцияланған цифрлық экожүйеге көштік»,- деді Мәлік Олжабеков.
Цифрландыру нәтижесінде рәсімдер саны 45%-ға қысқарып, өтінім берушілерге түсетін бюрократиялық жүктеме азайды, ал қызметкерлердің әкімшілік жүктемесі 35%-ға төмендеді.
Деректерді өңдеу жылдамдығы артты, координаттарды қолмен тексеру кезіндегі қателіктер толығымен жойылды. Мемлекеттік органдар мен жер қойнауын пайдаланушылардың өзара іс-қимылы толық цифрлық форматқа көшірілді. Платформаға 3 мыңнан астам жер қойнауын пайдаланушы қосылып, бұл салалық рәсімдердің бірыңғайлығын және жүйенің кеңейту мүмкіндігін қамтамасыз етті.