Президенттің Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары қарсаңында «Российская газета» басылымына мақаласы жарық көрді. Онда Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей - стратегиялық әріптес қана емес, мызғымас дос екенін жазған. Қазір екі елдің тауар айналымын 30 миллиард АҚШ долларына жеткізу көзделіп отыр. Бірге 170-тен аса ортақ жоба жасап, оған 50 миллиард доллар инвестиция тартылған.
Қазақ «көршіні Құдай қосады» дейді. Біз Құдай қосқан көршіге баймыз. Соның ішінде ең ұзын шекара орыс тарапымен байланысып жатыр. Қазақстан мен Ресей құрлық арқылы да, теңіз арқылы да шектеседі. Қос келдің тұрғындары ғасырлар бойы бірге өмір сүріп, ортақ мәдени, рухани кеңістік құра білді. Бұл байланысты бекемдеп, достықтың тамыр жаюына сеп болды. Бізді берік еткен тек географиялық карта емес. Тараптар бір-біріне стратегиялық серіктес те бола алды. Екеуіне де пайда әкелетін маңызды келісімдерге уағдаласа білді. Президент мұның бәрін «Российская газета» басылымында жарық көрген мақаласында жазды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мәңгілік достық - екі мемлекет пен оның халқы үшін темірқазық. Екі елдің қарым-қатынасы үнемі жетіліп келе жатқанымен, тұрақтылығымен ерекшеленеді. Өйткені байланыстарымыз терең сенімге, құрмет пен теңдікке негізделген. Халықтарымыздың болашағы алдындағы өзара жауапкершілік екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібінде тұрған бүкіл мәселелерінің шешімін табуға мүмкіндік береді. Менің түсінігімше, Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық әріптестігі мен одақтастығы еуразиялық қауіпсіздік жүйесін құрудың аса маңызды факторы болып отыр.
Былтыр Қазақстанның Еуразиялық Экономикалық одақ елдерімен саудасы 30 млрд доллардан асты. Оның 91 проценті Ресейге тиесілі. Одақтас ел біздің мемлекетке 20 жылда 20 млрд доллардан аса инвестиция құйған. Бұл орыс халқымен алыс-берісіміз алдыңғы шепке шыққанын көрсетеді. Экспорт пен импортта да байланыс бекем. Ресей біздің өнімді сатып алған елдер арасында үштікті түйіндейді. Біз де олардан керегімізді қымсынбай аламыз. Тізім бойынша бірінші орында тұр.
ЖАНДАР АСАН, САРАПШЫ:
Мемлекет басшысының бұл мақаласында екі ел арасындағы экономикалық, мәдени-гуманитарлық, транзиттік, логистикалық және технологиялық ынтымақтастықтың өткені мен бүгіні, болашағы жан-жақсы зерделеніп, сарапталған.
Иә, екі елдің басты мақтанышы – экономикадағы жетістік. Сондықтан Президент мақалада осыны қайта-қайта шегеледі. Инвестициялық жобалардың да аяқ алысы қуантады.
Қазір Қазақстан мен Ресейдің 170-тен аса ортақ жобасы бар. Бұған тартылған жалпы инвестиция көлемі 50 миллиард АҚШ долларынан асады. Бұл өнеркәсіп, мұнай-химия, энергетика, көлік және ауыл шаруашылығы сияқты стратегиялық маңызды салаларды қамтиды.
САҒЫНДЫҚ КӨШЕРБАЕВ, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫ САУДА ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ САЯСАТТЫ ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ресей – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Елдерді көпжылдық достық байланыстырады. Экономиканы дамытуда да тығыз байланыс бар. Мемлекет басшысының бұл сапары осы байланысты одан әрі арттыруға септігін тигізері анық. Бірақ құжатқа қол қойылады. Оның ішінде сауда, технология, логиятика салаларына басымдық берілуі мүмкін.
Мемлекет басшысы мақалада білім саласындағы әріптестік дамып келе жатқанына баса назар аударды. Қазір Қазақстанда Ресейдің тоғыз жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істейді. Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы ашылса, Омбыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің алғашқы шетелдік өкілдігі бой көтерді.
НАТАЛЬЯ КАЛАШНИКОВА, Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ ҚХА КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Бұл сапар екі елдің гуманитарлық байланысы бекіп жатқанын көрсетеді. Біз Ресеймен білім саласында маңызды жетістіктерге жетіп келеміз. Ол жақтың студенттері бізге келіп, біздің балалар оларғ барып, тәжірибе алмасып жүр. Одан бөлек, бірлесіп семинар, конференция өткіземіз. Мұның барлығы білім саласындағы серіктестікті арттыру үшін бағытталған.
Энергетика саласы – екі ел ынтымақтастығының басты бағыты. Қазақстан мен Ресей бірігіп, ресейлік энергия ресурстарының Қытай мен Орталық Азия елдеріне транзитін қамтамасыз етіп келеді. Бұл тұста маңызды жобалардың бірі – біздің мемлекетке алғашқы атом электр станциясын салу. Бұл ғана емес, тараптар арасынада көлік және логистика саласы жанданған. Қазір Қазақстан аумағы арқылы Азия мен Еуропаны байланыстыратын 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Энергетика саласы ынтымақтастығымызда айрықша орын алады. Ортақ күш-жігерімізбен Ресейдің энергетикалық ресурстарының Қытай мен Орталық Азия елдеріне үздіксіз транзитін қамтамасыз етіп отырмыз. Ірі энергетикалық нысандарды салу және жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл ретте «Росатом» басқаратын халықаралық консорциумның қатысуымен Қазақстанда алғашқы атом электр стансасын салу зәкірлік жоба болатыны сөзсіз. АЭС құрылысы елімізге уран өндіруден бастап электр энергиясын шығаруға дейінгі толық ядролық отын циклін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұнан бөлек, жоба жаңа технологияларды трансферлеу, мамандарды оқыту, жаңа жұмыс орындарын құру, сондай-ақ машина мен аспаптар жасау сияқты аралас салаларды дамыту үшін жаңа мүмкіндік ашады.
2025 жыл екі ел үшін маңызды мерейтойларға толы болды. Біз Жеңістің 80 жылдығы мен Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдығын атап өттік. Тоқаев мақалада осыны да ерекше атап өтті. Қазір қос тарапты біріктіретін жәй серіктестік емес, уақыт сынынан өткен достық екенін де бірнеше рет қайталаған. Расымен, қазіргі тұрақсыз уақытта Еуразияға сенімді серіктес қажет. Ал Қазақстан мен Ресей осы мақсатта қызмет етіп келеді.