Амбулаторияға тегін бөлінген дәрілер дәріхана сөрелеріне шығып кеткен. Бұл туралы бүгін денсаулық сақтау министрінің орынбасары Тимур Мұратов Үкіметте айтты. Оның сөзінше дәрілерді таңбалау тәсілі саладағы біраз заңсыздықтың бетін ашқан. Бұдан бөлек, халыққа тегін берілетін дәрілердің 20 түрі нарықтан алынып тасталды. Оған не себеп? Үкімет отырысына қатысқан әріптесім Бекболат Сатуов тарқатып айтады.
Министрлік биыл дәрі-дәрмек сапасы мен қауіпсіздігін бақылауға білек сыбана кіріскен. Нәтижесінде 1 мың 800-ге жуық дәрі түрінің 43-і нарықтан алынып тасталған. Бұдан бөлек, министрлік заңсыз дәрі-дәрмектің жолын кесу үшін таңбалау жүйесін енгізген. Жоба саладағы біраз былықтың бетін ашыпты.
ТИМУР МҰРАТОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Таңбалау жүйесін енгізу дәрілік заттардың айналым ашықтығын арттырып, олардың бөлшек саудасында салық түсімдерінің өсуіне оң әсер етті. Биыл бюджетке 24 млрд теңге салық түсімдерін алып келді. Таңбалау жүйесінің көмегімен тұрғындарға тегін берілген амбулаториялық дәрілердің дәріханаларында сату фактілері анықталды.
Сондай-ақ, министрлік биыл халыққа тегін таратылатын 3 мың 500 дәрі түрінің 20 пайызы жарамсыздығын анықтаған. Яғни дәрі-дәрмек қауіпсіздік стандартына сәйкес болмай шыққан. Сонымен қатар, заңсыз дәрі-дәрмекті анықтау үшін жауаптылар арнайы мобильді қосымша енгізіп отыр. "Нақты өнім" деп аталатын платформа дәрі бағасын қолдан көтеретіндерге де тұсау болады дейді.
БАУЫРЖАН ЖҮСІПОВ, ҚР ДСМ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
QR-кодпен сол дәрі-дәрмекті тексеруге болады. Ең бірінші бұл дәрі-дәрмектің контрафакты емес екендік. Яғни заңды жолмен келгенін толық көрсетеді ол қосымша жәнеде екінші біз сол қосышмада сол дәрі-дәрмектің шекті бағағсын көрсетеміз. Егерде дәрі-дәрмекті сол дәріханада шекті бағадан жоғары болса, сол қосымшамен тікелей сіз өтініш бере аласыз. Біздің департамент тиісті шараларды қабылдайды.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов дәрі-дәрмек айналымын жасанды интеллект арқылы реттеуді тапсырды. Осы арқылы бағаны бақылауға алып, қымбатшылықты болдырмау керек деді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Денсаулық сақтау министрлігі Цифрландыру министрлігімен бірлесіп, жоспарлау, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды жазып беру және сатып алу рәсімдерінде жасанды интеллектіні енгізу шараларын жүзеге асыруға тиіс.
Жауаптылардың айтуынша, келер жылы дәрі-дәрмек бағасы көтерілмейді. Қайта, биыл қазан айында халық арасында сұранысқа ие препараттардың бағасы орташа 11%-ға төмендеген.