$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Абай облысының әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жоғары

Абай облысының әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жоғары

Алакөлді дамытудың бас жоспары әзірленіп жатыр.демалушылар үшін қолайлы жағдай жасап, инфрақұрылымын дамыту бойынша нақты шаралар қабылданды. Алакөл өңірдің ғана емес, еліміздің мақтанышы, інжу-маржаны болмақ. Елордада журналистер сұрағына жауап берген өңір басшысы Берік Уәли облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы айтты.

Хәкім Абайдың кіндік қаны тамған өңір әлеуметтік-экономикалық дамудың үлгісі болады. Облыста бірнеше ірі кәсіпорындар құрылысы басталмақ. Жыл басынан іске асырылып жатқан жобалардың саны 100-ге жуықтап, тартылған инвестицияның көлемі 3,5 трлн теңгеге жетті. Бастысы, өңірдің көлік инфрақұрылымы адам танымастай өзгеріп жатыр. Мәселен, алдағы уақытта облыс орталығы Семей қаласының айналма жолының құрылысы басталмақ.

БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

«Қалбатау-Майқапшағай» автожолының 184 шақырымы аяқталды. Бұл бағыт өңірдің ішкі және сыртқы көлік байланысын жақсартып, облыстың көршілес Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарымен, сондай-ақ Қытай Халық Республикасымен шекаралық сауда-экономикалық қатынастарын нығайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, «Талдықорған - Қалбатау - Өскемен» автожолының құрылысы аяқталуға жақын. Қазір негізгі бөлігіне асфальт төселіп, соңғы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Абай облысы десек, еске түсетін жер жетерлік. Соның бірі – Алакөл. Емдік қасиеті мол, табиғаты тамсандырар мекенде бірнеше ірі жоба қолға алынды.

БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Жағалауды дамытудың негізгі жобаларының бірі – Әзербайжан Республикасы инвесторларының қатысуымен «Алакөл» емдеу-сауықтыру кешенінің құрылысы. Бұл жоба бойынша екі мемлекеттің басшылары 21 қазан күні келісімге қол қойды. Қазіргі уақытта құрылыс орнын бекіту жұмыстары келісілуде. Сонымен қатар, қытайлық компаниялар «Сан Бао», «Ванджан» және «Жудинг груп» Алакөл туристік аймағында жалпы алаңы 40 гектар тез  құрылатын 100 шағын қонақ үйлердің  құрылысыа құлшыныс білдіріп отыр.

Абай облысы құрылғалы Семей қаласында оң өзгеріс көп. Сәйкесінше, тұрғындар саны да артты.  Осыған байланысты шаһарда тұрғын үй құрылысы жоғары қарқынды талап етеді. Қазірдің өзінде 159 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Қалада тағы бір су жаңа шағын ауданның құрылысы басталмақ.

БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Облыста тұрғын үй кезегінде 30 мың адам тұрса, соның 20 мыңы – Семей қаласында. Алдағы 237 мың шаршы метр тұрғын үйлерге осы азаматтарды қоныстандыру жоспарда бар. Тұрғын үйді салып, оны сатып алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Нәтижесінде мыңдаған жаңа үйлерде қоныс тойы тойланады.

Өңір басшысы Берік Уәли, өңірдің өзге де мақтанарлық көрсеткіштерін тілге тиек етті. Аймақта халық тұрмысын жақсарту мақсатында Жасанды интеллект көмегімен бірнеше жоба бастау алмақ.