$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазақстандық колледждер 4 000-нан астам кәсіпорынмен меморандумға отырды

11.11.2025ж. 16:32
Қазақстандық колледждер 4 000-нан астам кәсіпорынмен меморандумға отырды

Елімізде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен кәсіпорындар арасындағы әріптестік қарқын алып келеді. Мамандарды даярлау сапасын арттыру және білім мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту мақсатында колледждер мен бизнес құрылымдар арасындағы әріптестік меморандумдары жүзеге асырылуда, — деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Бүгінде отандық 623 колледж түрлі саладағы 4 126 кәсіпорынмен келісімге қол қойған. Ортақ құжат аясында кәсіпорындар білім беру бағдарламаларын жаңартуға, колледждерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге, студенттерге өндірістік тәжірибе базасын ұсынуға міндеттеме алады. Қазірдің өзінде Алматы, Атырау, Қостанай, Павлодар және Ақтөбе облыстарындағы белсенді кәсіпорындар нақты салалардың қажеттіліктеріне сай кадр әлеуетін қалыптастыруға күш салып жатыр. Ал кейбір кәсіпорындар оқытушыларға арналған тағылымдамалар ұйымдастыруда.

«Колледждер мен кәсіпорындардың өзара ынтымақтастығы — түлектердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырудың және өңірлік экономиканың тұрақты дамуының кепілі. Оқу-ағарту министрлігі бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі қолдап, бизнес қауымдастықпен өзара іс-қимылды кеңейтуді жалғастыра беретін болады», — деді техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов.